Мәслихат депутаттары алдағы үш жылға арналған Алматы қаласының бюджетін қолдады

Мәслихат депутаттары алдағы үш жылға арналған Алматы қаласының бюджетін қолдады

Мәслихат депутаттары алдағы үш жылға арналған Алматы қаласының бюджетін қолдады

 Алматы мәслихатының кезектен тыс XXV сессиясында депутаттар қаланың 2025–2027 жылдарға арналған бюджетін қолдап, бекітті. Сессия жұмысына Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, мәслихат депутаттары және жергілікті атқарушы органдардың басшылары қатысты.

Мегаполис басшысы Ерболат Досаев атап өткендей, бюджет жобасы Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауға және қаланың Даму бағдарламасы мен Бас жоспарының басымдықтарын жүзеге асыруға бағытталған.

«2025 жылдың бюджеті Алматының бүкіл ел үшін эталон боларлық тұрақты дамуын көрсетеді. Ол заманауи әрі жайлы қала құруға бағытталған, мұнда әрбір тұрғын күнделікті өмірінде оң өзгерістерді сезіне алады. Бұл – Мәслихат пен Әкімдік арасындағы бірлескен жұмыстың негізгі мәселелерді тиімді шешуге мүмкіндік беретін айқын үлгісі», – деп атап өтті Ерболат Досаев.

2025 жылға арналған Алматы бюджеті 2 трлн 177 млрд теңге деңгейінде жоспарланған, бұл 2022 жылдың басындағы көрсеткіштен екі есе артық (1 трлн 70 млрд теңге). Қаржыландырудың негізгі бағыттары ретінде көлік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік бағдарламаларды іске асыру және қаланың экологиялық жағдайын жақсарту шаралары белгіленді. Әлеуметтік сала басым бағыт ретінде сақталып, қаржыландыру 15%-ға артып (110,6 млрд теңге), 851,9 млрд теңгені немесе жалпы бюджеттің шамамен 40%-ын құрайды.

Сонымен қатар, бюджетте даму жобаларына ерекше көңіл бөлінген. Даму бюджетінің көлемі 2022 жылғы 207 млрд теңгеден 2025 жылы 455,9 млрд теңгеге дейін 2,2 еседен аса ұлғаймақ. Бұл қала жолдары мен инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, қаланы абаттандыру және қалалық ортаны жақсарту бойынша ірі жобаларды іске қосуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, мегаполисті көркейту мен көгалдандыруға бағытталған «Таза Қазақстан» бағдарламасы белсенді жүзеге асырылуда.

Алматы экономикасының негізгі даму факторы шағын және орта бизнес (ШОБ) болып табылады, оның үлесі қаланың жалпы өңірлік өнімінің 60%-дан астамын құрайды. 2025 жылы кәсіпкерлікті қолдауға 71 млрд теңге бөлініп, 4 мыңнан астам жаңа жобаның дамуына ықпал етпек. 2030 жылға қарай ШОБ-тың қала экономикасына қосқан үлесін 75%-ға дейін жеткізу жоспарланған.

Сессия аясында депутаттар Алматы қаласының 2021–2025 жылдарға арналған Даму жоспарының жаңартылған нұсқасын да қабылдады. Өзгерістер Қазақстанның 2029 жылға дейінгі жаңа Ұлттық даму жоспарымен үйлестіруге байланысты енгізілді. Жаңартылған жоспарда жайлы қалалық орта, тұрақты экономикалық өсу, жасыл Алматы, урбанизацияны басқару, қауіпсіздік және цифрлық технологияларды дамыту сынды бағыттар қарастырылған.