Депутаттар Садир Хамраев пен Бекбол Рамазан "Алматы тазалық" өндірістік базаларын аралап шықты

Депутаттар Садир Хамраев пен Бекбол Рамазан "Алматы тазалық" өндірістік базаларын аралап шықты

Мәслихаттың коммуналдық инфрақұрылым, энергетика, сумен жабдықтау және қалалық мобилділік жөніндегі тұрақты комиссиясының депутаттары Садир Хамраев пен Бекбол Рамазан «Алматы тазалық» өндірістік базаларын аралап шықты. Тексеру барысында Алматы қаласының көше-жол желісін жинау бойынша кәсіпорынның техникалық жарақтандырылуы қаралды.

Депутаттар Алмалы және Медеу аудандық учаскелерінің аумағында орналасқан тұз еритін тораптарды, сондай-ақ сұйық реагенттерді таратуға арналған техниканы қарап шықты. Қар жауғанға дейін сұйық реагенттерді таратудың алдын алу әдісі Қазақстанда алғаш рет қолданылып отыр және қалалық жолдарда көктайғақ құбылыстарының алдын алу бойынша өзінің тиімділігін көрсетті.

Сондай-ақ, өткен жылы Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасын іске асыру бойынша Жол картасын орындау және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективалар бойынша "ауа сапасын жақсарту", "қолайлы орта" бөлімдері бойынша сатып алынған 18 көпфункционалды электр тартқышы бар тротуар-жинау машиналары көрсетілді.

Әсіресе қыс мезгілінде көшелерді жинау бойынша жедел жұмысты ұйымдастыру мақсатында қалалық мәслихат депутаттары Алмалы ауданының өндірістік базасын жүргізушілер мен жол жұмысшыларына арналған жатақхана, жөндеу боксы мен арнайы техникаға арналған тұрақтар, көктайғаққа қарсы материалдарға арналған қоймалар салумен қайта жаңарту жөніндегі ұсынысты қолдады.