Депутаттар жаңа халықаралық және ішкі терминалдарды, сондай-ақ VIP-перрон құрылысының барысымен танысты. Жұмыс сапары барысында тұрғындар тарапынан жиі көтерілетін мәселелерге ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, әуежай аумағындағы автотұрақты ұйымдастыру, көлік қозғалысының сызбасы және заңсыз такси қызметінің мәселелері талқыланды. Осы бағыттағы тәртіпті күшейту мәселесі Алматы қаласы Полиция департаментімен бірлесіп пысықталатын болады.
Сонымен қатар депутаттар әуежай маңындағы аумақты абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарын жалғастыру, жаңа ағаштар отырғызу және ұшу қауіпсіздігі талаптары мен әуежай инфрақұрылымының ерекшеліктерін ескере отырып, өтемдік ағаш отырғызу жұмыстарын жүргізу мәселелерін қарастырды.
Әуежай басшылығы депутаттарға инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылу мерзімдері мен барысы туралы ақпарат берді. Бұл жобалар әуежайдың өткізу қабілетін арттыруға және жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға бағытталған. Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша депутаттар әуежайдың көлік және қалалық инфрақұрылымын одан әрі дамытуға қатысты бірқатар ұсынымдар әзірлеп, Алматы тұрғындары мен қонақтары үшін қауіпсіз, жайлы әрі заманауи орта қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.