Мәслихат төрағасы Мейіржан Отыншиев Су Фанцю мырзаны дипломатиялық миссиясының басталуымен құттықтап, оның қызметі Қазақстан мен Қытай арасындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға жаңа серпін беретініне сенім білдірді.
Кездесу барысында тараптар өңіраралық ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Алматы қаласы мен Қытай өңірлері арасында бүгінде берік достық байланыстар мен тығыз әріптестік қалыптасқаны атап өтілді. Соңғы жылдары Алматы мәслихатының делегациялары Бейжің, Сиань, Гуанчжоу, Хэфэй және Ханчжоу қалаларына барып, жергілікті билік өкілдерімен ресми кездесулер өткізіп, мегаполистерді дамыту бағытындағы озық тәжірибелермен танысты.
Кездесу барысында Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режим енгізілгеннен кейінгі ынтымақтастықты жандандыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Бұл қадам екі ел халықтары арасындағы туризмді, іскерлік және мәдени байланыстарды дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашатыны айтылды.
Алматы мәслихатында Су Фанцю мырзаның Алматыдағы дипломатиялық қызметі кезеңінде серіктестік қатынастарды одан әрі нығайтуға және бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға дайын екендіктерін білдірді.