Алматы қаласы мәслихатының кезектен тыс XLV сессиясы өтті. Сессияның негізгі шешімдерінің бірі – 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысқан ақталған азаматтарға берілетін біржолғы әлеуметтік көмектің мөлшерін 250 мың теңгеден 400 мың теңгеге дейін ұлғайту болды.
Осылайша, қала әкімі Дархан Сатыбалдының бастамасымен төлем мөлшері желтоқсан оқиғасының 40 жылдығы қарсаңында ұлғайтылды. Қолдау шарасы шамамен 800 адамды қамтиды.
Мәслихат төрағасы Мейіржан Отыншиев тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихында ерекше маңызға ие оқиғалармен тағдыры тікелей байланысты азаматтарға қолдау мен назардың сақталуы маңызды екенін атап өтті.
Сонымен қатар депутаттар мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсету тәртібін реттейтін мәслихат шешіміне енгізілетін өзгерістерді қарады. Жоба Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында, сондай-ақ халықты әлеуметтік қолдау шараларының атаулылығын, тиімділігін арттыру және біріздендіруді көздейтін ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес әзірленді.
Өзгерістер қолданыстағы әлеуметтік көмек механизмдерін бірыңғай республикаға сәйкестендіруге және халықты қолдау жүйесін жетілдіруге бағытталғаны атап өтілді.
Атап айтқанда, әлеуметтік қолдаудың қолданыстағы мемлекеттік тетіктерін ескере отырып, әлеуметтік көмектің жекелеген түрлерін өзектендіру көзделуде. Бұл тұрғын үйлерді газдандыруға, көпбалалы отбасылардан шыққан үздік студенттерді қолдауға, табыс деңгейі ескерілмейтін кейбір төлемдерге, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтарды қолдауға, сондай-ақ көпбалалы отбасыларға арналған тұрғын үй сертификаттарына қатысты төлемдер. Бұл ретте аталған қолдау шаралары өзге мемлекеттік бағдарламалар мен әлеуметтік қолдау құралдары аясында сақталады.
Бұдан бөлек, сессия барысында ведомствоаралық комиссиялар мен штабтардың құрамдарын өзектендіруге қатысты мәслихаттың жекелеген шешімдеріне өзгерістер қаралды. Өзгерістер мемлекеттік органдар арасындағы үйлестіруді күшейтуге, құқық бұзушылықтардың алдын алу, сыбайлас жемқорлыққа, есірткі қылмысына және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелеріне мәслихат депутаттарының, аудан әкімдіктері мен бейінді құрылымдардың қатысуын кеңейтуге бағытталған.
Сондай-ақ Алматы қаласы бойынша Тексеру комиссиясының мүшесін тағайындауға және «AMANAT» партиясынан сайланған Алматы қаласы мәслихаты депутаты Игорь Проценконың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуға қатысты кадрлық мәселелер қаралды.