Мәслихат депутаттары қаладағы энергетикалық инфрақұрылым нысандарына жүргізілген жұмыс сапары аясында ЖЭО-2 және оның базасында салынып жатқан жаңа газ станциясының құрылыс барысымен танысты.
45 жылдан бері көмірмен жұмыс істеп келе жатқан ЖЭО-2 бүгінгі күнге дейін өз қызметін жалғастырып отыр. Сонымен қатар, оның жанында заманауи газ станциясының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда жобаның жалпы дайындығы 70%-дан асты. Негізгі жабдықтар жеткізіліп, монтаж жұмыстары бірнеше бағытта қатар атқарылуда. Жоспарға сәйкес, жаңа станция осы жылдың 30 қыркүйегіне дейін іске қосылады, ал алдағы жылыту маусымында газ генерациясы қолданыстағы көмір станциясымен қатар жұмыс істейтін болады.
Сапар барысында депутаттар күл-қож қалдықтары сақталатын алаңмен де танысты. Онда жылдар бойы жиналған едәуір көлемдегі қалдықтар бар екені белгілі болды. Қазіргі таңда бұл қалдықтарды тек сақтау емес, оларды қайта өңдеу мәселесі қолға алынған. Атап айтқанда, қалдықтарды жол төсеніштері мен құрылыс материалдары ретінде пайдалану бағытында нақты жұмыстар басталған.
Сонымен қатар, депутаттар қолданыстағы ЖЭО-2-нің әлеуетін сақтаудың маңыздылығын атап өтті. 45 жыл бойы үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан станцияны кезең-кезеңімен жаңғыртып, оны резервтік қуат көзі ретінде пайдалану мәселесі де өзекті болып отыр.
Жаңа газ станциясы іске қосылғаннан кейін зиянды шығарындыларды 93%-ға дейін төмендету көзделген. Нақты көрсеткіштер бойынша, шығарындылар көлемі 37,1 мың тоннадан 2,7 мың тоннаға дейін азаяды. Сонымен қатар, көмірге тән күл мен күкірт оксидтерінің шығарындылары толықтай жойылады.