Алматы мәслихатының депутаттары кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссиялардың құрамын бекітті

Алматы мәслихатының депутаттары кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссиялардың құрамын бекітті

Алматыда мәслихаттың кезектен тыс XLIV сессиясы барысында депутаттар Алматы қаласы әкімдігі және аудан әкімдіктері жанындағы кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиялардың құрамдарын бекітті.

Комиссия құрамын жаңарту мемлекеттік органдар, азаматтық қоғам институттары, ата-аналар қауымдастығы мен сарапшылардың қатысу аясын кеңейтіп, балалардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатына қатысты мәселелерді кешенді түрде қарауға мүмкіндік береді.

Қабылданған шешім ірі мегаполиске тән өзекті сын-қатерлермен де байланысты. 2026 жылдың басындағы деректер бойынша Алматыда шамамен 700 мыңға жуық бала мен жасөспірім тұрады. Бұл олардың құқықтарын қорғау және қауіпсіз орта қалыптастыру бағытында жүйелі әрі үйлестірілген жұмысты талап етеді.

Комиссиялар ведомствоаралық үйлестіруші алаң ретінде жұмыс істеп, құқық бұзушылықтардың алдын алу, балалардың қараусыз қалуын болдырмау, олардың құқықтарын қорғау және қиын өмірлік жағдайдағы отбасыларды қолдау мәселелерін бақылауда ұстайды.

2025 жылы Алматы қаласы әкімдігі жанындағы комиссия 15 отырыс өткізсе, аудандық комиссиялар 176 отырыс өткізіп, 859 іс қаралған. 2026 жылдың бірінші тоқсанында 23 отырыс өткізіліп, 161 іс қаралды. Профилактикалық жұмыстарға ерекше көңіл бөлінуде. 2026 жылдың басынан бері 425 рейд жүргізіліп, нәтижесінде ата-аналық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін мыңдаған ата-ана жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар тәуекел тобындағы жасөспірімдерге жеке тәлімгерлік (менторлық) қолдау көрсету тетіктері енгізілуде.

Бұдан бөлек, 57 мыңнан астам отбасыға 1,7 млрд теңгеден астам көлемде көмек көрсетілді, ата-аналарды жұмыспен қамту және балаларды әлеуметтік қолдау шаралары жүзеге асырылуда. Сонымен қатар психологиялық сүйемелдеу жүйесі дамып келеді. 218 мыңнан астам оқушы диагностикалық тексерумен қамтылып, бұл қиын өмірлік жағдайдағы балаларды дер кезінде анықтап, қажетті көмек көрсетуге мүмкіндік береді.