
Алматы қаласында Мәслихаттың кезектен тыс XLIII сессиясы өтті. Күн тәртібінде сайлау комиссияларының құрамдарын қалыптастыру және тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселелері жөніндегі қалалық ведомствоаралық комиссияның құрамын бекіту мәселелері қаралды.
Бірінші сұрақ бойынша Алматы қаласы Мәслихаты аппаратының басшысы Мақсат Рахметов баяндама жасады. Жаңа сайлау учаскелерінің құрылуына және жекелеген комиссия мүшелерінің шығуына байланысты 157 бос орынның орнын толтыру қажеттігі туындады: оның ішінде 4 аумақтық, 153 учаскелік сайлау комиссияларында. Құжаттарды қабылдау 2026 жылғы 28 қаңтар мен 11 ақпан аралығында жүргізілді. Ұсыныстарды 2 саяси партия және 9 қоғамдық бірлестік енгізді. Тексеру нәтижесінде 154 кандидат заңнама талаптарына сәйкес деп танылып, 3 кандидатура кері қайтарылды. Комиссия құрамдары сайлау заңнамасының нормаларына сәйкес қалыптастырылды. Депутаттар ұсынылған шешім жобасын қолдады.
Сессия барысында депутаттар Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның құрамын да бекітті.
Комиссия құрамына салалық мемлекеттік органдар мен уәкілетті құрылымдардың өкілдері енді. Бұл проблемалық нысандар бойынша шешім қабылдау үдерісін бір алаңға шоғырландыруға мүмкіндік береді. Комиссия әрбір нысан бойынша құрылысты аяқтау моделін айқындап, қажет болған жағдайда құрылыс салушыны ауыстыру мәселесін қарайды, инвесторлар тартуды қамтамасыз етеді және үлескерлердің құқықтарын қорғауды бақылауға алады.
Қала құрылысын бақылау басқармасының басшысы Олжас Төлебаевтың айтуынша, қазіргі уақытта қалада 153 көппәтерлі тұрғын үй кешені салынуда. Оның 37-сі үлескерлердің қаражатын заңды негізде тартса, 116 нысанда тиісті рұқсат құжаттары жоқ. Оның ішінде 45 нысан жарнама жүргізбейді, ал 71 нысан белсенді түрде жарнамалануда. Мониторинг нәтижесінде 31 нысан бойынша әкімшілік ықпал ету шаралары қабылданды.
Ведомствоаралық комиссияны құру проблемалық нысандар санын кезең-кезеңімен қысқартуға, шешім қабылдау мерзімдерін жеделдетуге және үлескерлердің құқықтарын қалпына келтіру үшін бюджеттен тыс тетіктерді тиімді пайдалануға бағытталған.