
Алматы қаласы мәслихатының төрағасы Мейіржан Отыншиев қала активімен Конституциялық реформаны талқылауға қатысты
Алматыда мегаполис басшысының төрағалығымен Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасын талқылауға арналған қала активімен кездесу өтті. Іс-шараға мәслихат депутаттары, аудан әкімдері, басқармалар мен қалалық қызметтердің басшылары қатысты.
Кездесу барысында Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған конституциялық реформаны іске асырудың негізгі бағыттарын атап өтті. Ұсынылып отырған өзгерістер елдің егемендігі мен тәуелсіздігін нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге, ұлттық бірлікті дамытуға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталғаны айтылды.
Сондай-ақ адам капиталын дамыту, білім беру, ғылым мен инновацияны мемлекеттік саясаттың стратегиялық басымдықтары ретінде бекітуге, азаматтардың мемлекеттік басқару жүйесіне қатысуын кеңейтуге, жергілікті өзін-өзі басқарудың рөлін күшейтуге, мемлекеттік органдардың ашықтығы мен есептілігін арттыруға қатысты нормаларға ерекше назар аударылды.
Өз кезегінде Алматы қаласы мәслихатының төрағасы Мейіржан Отыншиев кездесуде сөйлеп, жаңа Конституция жобасының елдің институционалдық дамуы мен өкілді демократия қағидаттарын нығайтудағы маңызын атап өтті.
«Жаңа Конституцияның жобасы азаматтардың, саяси партиялардың, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылар қауымдастығының кең әрі мазмұнды қоғамдық талқылауының нәтижесі болды. Бұл құжат саяси жүйені жаңғыртуға, әділеттілікті күшейтуге және мемлекеттің азаматтар алдындағы жауапкершілігін арттыруға деген қоғамдық сұранысты айқын көрсетеді», — деді мәслихат төрағасы.
Кездесу қорытындысында жаңа Конституция жобасы бойынша түпкілікті шешім республикалық референдумда қабылданатыны атап өтілді.