
Мәслихат депутаттары Абылай хан даңғылы, 105 мекенжайында орналасқан Қазақстан Жазушылар одағы ғимаратының қайта жаңғырту жұмыстарының барысына көшпелі мониторинг жүргізді.
Алдыңғы көшпелі тексерістер 2025 жылдың тамыз және желтоқсан айларында өткен. Өкінішке қарай, бүгінгі күнге дейін айтарлықтай оң динамика байқалмайды. Сейсмикалық күшейту жұмыстары негізінен аяқталғанымен, депутаттар тарапынан нысанда жұмысшы күшінің жеткіліксіздігі анықталды. Мәжіліс залында тек сылақ жұмыстары ғана орындалған, құрылыс-монтаж жұмыстарының орындалу қарқыны төмен, бекітілген кестеден артта қалу бар. Жалпы алғанда, құрылыс-монтаж жұмыстары шамамен 60 пайызға ғана орындалған.
Шарт талаптарына сәйкес мердігер ұйым құрылыс-монтаж жұмыстарын 2026 жылғы ақпанда аяқтауы тиіс болған. Алайда Құрылыс басқармасымен келісім бойынша жұмыстарды аяқтау мерзімі тағы екі айға ұзартылып отыр.
Мониторинг қорытындысы бойынша мердігерге нысандағы жұмысшылар санын арттыру жөнінде ұсынымдар беріліп, атқарылған жұмыстар туралы күнделікті есеп беруді ұйымдастыру тапсырылды. Комиссияның келесі көшпелі тексерісі бір аптадан кейін жоспарланып отыр.