Алматы қаласында мәслихаттың кезектен тыс XL сессиясы өтіп, оның барысында депутаттар бірқатар маңызды мәселелерді қарап, бекітті.
Атап айтқанда, депутаттар Алматы қаласының атмосфералық ауаны қорғау қағидаларын бекітті. Бұл құжат Қазақстанда алғаш рет енгізіліп отыр және мегаполистің ерекшеліктерін ескере отырып, негізгі ластаушы көздерді реттеудің бірыңғай кешенді тетігін қалыптастырады. Құжат агломерация бойынша шекті рұқсат етілген шығарындылардың жиынтық томы деректеріне негізделген. Оған сәйкес, валдық шығарындылардың жалпы көлемі жылына 225 мың тоннаны құрайды, оның 189 мың тоннасы тікелей Алматыға тиесілі. Оның ішінде 112,7 мың тоннасы автокөліктерден бөлінеді, ал шығарындылардың 84%-ына экологиялық санаты төмен автомобильдер себеп болып отыр.
Бекітілген Қағидалар автопарктерге экологиялық талаптарды енгізу, III санаттағы нысандарға бақылауды күшейту, төмен шығарындылар аймақтарын (LEZ) құру, сондай-ақ ауа сапасын бақылаудың цифрлық және мониторинг жүйесін дамыту есебінен атмосфераға түсетін жүктемені кезең-кезеңімен азайтуды көздейді.
Сонымен қатар, депутаттар Алматы қаласының жасыл желектерін күтіп-ұстау және қорғау қағидаларына өзгерістер енгізу жобасын қолдады. Енгізілген түзетулер жасыл екпелерді түгендеу және күтіп-баптау тәртібін нақтылайды, ағаштарды кесу мен көшіру жұмыстарын жүргізу талаптарын реттейді, жер пайдаланушылар мен мердігерлік ұйымдардың экологиялық талаптарды сақтауына бақылау тетіктерін кеңейтеді. Бұдан бөлек, заңсыз кесу және ағаштарға залал келтіру үшін жауапкершілік күшейтіліп, өтемдік көгалдандыру мен жойылған өсімдіктерді қалпына келтіру бойынша нақты регламенттер енгізілді.
Бұдан бөлек, депутаттар «Алматы қаласының жол трафигінің қауіпсіздігі мен талдауының зияткерлік жүйесі» мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау туралы мәслихат шешіміне өзгерістер енгізді. Мерзімді ұзарту аясында қосымша 350 «Сергек» камерасын орнату жоспарлануда. Халық санының артуына қарамастан, 2021–2025 жылдар аралығында жол-көлік оқиғаларынан көз жұму деңгейі орта есеппен 30%-ға төмендеп, 100 мың адамға шаққандағы жол-көлік оқиғаларының саны 10%-ға азайғаны атап өтілді.
Сонымен бірге, сессияда 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексіне байланысты автотұрақтар мен паркингтерге жер салығын реттеу мәселелері қаралды.
Сессия барысында Алматы қаласының аумағында сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастырғаны үшін ай сайынғы төлемақы мөлшерлемелерін де бекітілді. Атап айтқанда, ірі форматты жарнама құрылғылары мен жарықдиодты LED-экрандарға инфрақұрылым мен энергия ресурстарына түсетін қосымша жүктемені өтеу мақсатында жоғарылатылған мөлшерлемелер белгіленді, ал шағын форматты және жылжымалы жарнама үшін мөлшерлемелер төмендетілді. Бұл шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған шара болып табылады.
Сессияның қорытындысында кадрлық және ұйымдастырушылық мәселелер қаралды. Ардақ Баймбетов қалалық Ревизиялық комиссияның төрағасы болып сайланды. Ол қаржылық бақылау және мемлекеттік аудит жүйесінде жұмыс істеген, Қаржы министрлігі мен Есеп комитетінде басшылық қызметтер атқарған. 2024 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Ішкі аудит департаментін басқарды.
Сонымен қатар, мәслихат сессиясында жаңадан құрылған сайлау учаскелерінің учаскелік сайлау комиссияларының құрамы бекітілді, өкілеттік мерзімінің қалған кезеңіне комиссия мүшелері сайланды, Мәслихаттың тұрақты комиссияларының құрамы өзгертілді, сондай-ақ 2026 жылға арналған Мәслихаттың жұмыс жоспары бекітілді.