
Алматыда қала Мәслихатының депутаттары мен Қоғамдық кеңес мүшелерінің бірлескен кеңейтілген отырысы өтті. Жиын барысында Алматының 2040 жылға дейінгі Бас жоспарына енгізілетін түзетулер мәселесі қаралды.
Отырысқа қатысушыларға Бас жоспарды түзету жобасы бойынша толыққанды таныстырылым ұсынылып, барлық бағыт бойынша жан-жақты әрі нақты ақпарат берілді.
Алматы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов бұл кездесу құжаттың негізгі ережелерін алдын ала талқылауға, ескертулер мен ұсыныстарды ескеруге бағытталғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл ұсыныстар жобаны кең көлемде қоғамдық талқылауға шығаруда маңызды рөл атқарады.
«Жобаның қоғамдық талқылауы биыл 24–26 желтоқсан аралығында өтеді. Біздің ортақ міндетіміз — қала дамуының мүддесі мен стратегиялық бағыттарын айқын көрсететін, жан-жақты әрі сапалы пысықталған құжатты ұсыну. Алдымызда ұсынылған жобаны талқылаудың барынша ашық, инклюзивті және кәсіби үдерісін қамтамасыз ету міндеті тұр», — деді Бейбіт Шаханов.
Өз кезегінде қалалық Мәслихаттың құрылыс, сәулет, қала құрылысы, жер қатынастары және қоғамдық кеңістіктерді дамыту жөніндегі комиссиясының төрағасы Дәурен Маралов Бас жоспарды түзету қала дамуының жоғары қарқыны жағдайында теңгерімді дамуды қамтамасыз ету, сондай-ақ Мемлекет басшысының тау бөктерінде құрылыс салуға тыйым салу жөніндегі тапсырмасын ескеру үшін қажет екенін айтты.
Отырыс қорытындысы бойынша Мәслихат депутаттары мен Қоғамдық кеңес мүшелері Бас жоспарды түзету жобасын қолдады. Қоғам өкілдері ұсынған барлық ескерту мен ұсыныс жүйеленіп, құжатты одан әрі пысықтау барысында ескерілетін болады.