«Боралдай сақ қорғандары» ашық аспан астындағы археологиялық саябағы

«Боралдай сақ қорғандары» ашық аспан астындағы археологиялық саябағы

Бүгін мәслихат депутаттары Алатау ауданындағы «Боралдай сақ қорғандары» ашық аспан астындағы археологиялық саябағына барып, танысып қайтты. Бұл – еліміздегі ең бірегей әрі бүгінге дейін жақсы сақталған тарихи-мәдени ескерткіштердің бірі.

Алматының солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан кешенде б.з.д. VI–III ғасырларға жататын сақ және үйсін дәуірінің 47 қорғаны бар. Некрополь аумағы 430 гектарды құрайды, ұзындығы 3 км, ені 800 м. Ортасындағы ең үлкен қорғанның биіктігі 14 метр, диаметрі 100 метр, ол ықпалды билеушінің немесе ақсүйектер өкілінің жерленген нысаны болуы мүмкін.

Боралдай қорғандарының ерекшелігі – мыңдаған жылдар бойы бастапқы қалпы мен табиғи ландшафтын бұзбай сақтап қалғаны. Сақтар қорған салуда «қабаттап үйу» әдісін қолданған: топырақ пен тастың кезектесіп жиналуы қорғандардың беріктігін сақтаған.

Бүгінде мұнда ашық аспан астындағы музей жұмыс істейді. Келушілер қорғанның құрылымын көріп, сақ дәуіріндегі тұрмыс, киім, қолөнер үлгілерін тамашалай алады. Сондай-ақ көшпенді және түркі халықтарының мәдениетіне арналған этнофестивальдер өткізіледі.

Бұл аумақтың туристік тартымдылығы өте жоғары. Жақын маңда орналасқан Бент көлдерімен біріктіре отырып, заманауи туристік инфрақұрылымды дамытуға үлкен мүмкіндік бар. Табиғи және тарихи мұраны бір маршрутқа біріктіру арқылы алматылықтар мен қонақтар үшін жаңа демалыс және мәдени бағыт қалыптастыруға болады.

Мәслихат депутаттары мұндай тарихи-мәдени нысандарды сақтау, зерттеу және туризм арқылы түлету бағытындағы жұмысты қолдайды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады.