2025 жылдың 9 айындағы есептері қаралды

2025 жылдың 9 айындағы есептері қаралды

#MaslikhatAlmaty денсаулық сақтау, білім және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы өтті. Онда Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мен Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының 2025 жылдың 9 айындағы есептері қаралды.


Алматыда 2 388 517 тұрғын бар, соған сай денсаулық сақтау жүйесі де кеңейіп, жаңарып келеді. Қалада 77 медициналық ұйым жұмыс істейді, алғашқы медициналық көмек ұйымдарына 9,9 млн-нан астам азамат жүгінген, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету деңгейі – 96%. Қазіргі уақытта 12 жаңа нысанның құрылысы жүріп жатыр, 12 нысан күрделі жөндеуден өтуде, 37 жобаның-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Медициналық инфрақұрылымның тозу деңгейі 28,6%-ға төмендеді. Сонымен қатар кадрларды даярлау, медицинаны цифрландыру және жоғары технологияларды енгізу бағытында жұмыстар жүргізілуде.


Әлеуметтік қолдау бағытында 367 мың алматылық әлеуметтік осал санатқа жатады. 2025 жылы осы мақсатқа 31,7 млрд теңге қарастырылып, 89%-ы игерілді. 200 мыңға жуық тұрғын әлеуметтік қолдау алды, 1 819 отбасы атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылды. 36 мыңнан астам азамат оңалту құралдарымен қамтамасыз етілді. Қалада 145 инватакси көлігі жұмыс істейді, соның бір бөлігі автоматтандырылған жүйе арқылы бақылауға алынды. Ерте араласу орталығы құрылған, сондай-ақ 150 орындық жаңа реабилитациялық орталықтың құрылысы жоспарлануда.


Жұмыспен қамту көрсеткіштері де жақсарды: жұмыссыздық деңгейі 4,4%-ға дейін төмендеді, 73,2 мың жаңа жұмыс орны құрылды, оның 59 мыңнан астамы тұрақты. JobCoach және цифрлық сервистер арқылы халықты жұмыспен қамту бойынша кешенді шаралар іске асырылуда.