
Жыл басынан бері инспекторлар шамамен 700-ге жуық құқық бұзушылықты анықтаған. Тиісті айыппұлдардың жалпы сомасы 160 миллион теңгеге жуықтады. Тексерулер тұрақты түрде жүргізіліп келеді, себебі шамадан тыс жүк тиеген самосвалдар тек асфальтті бұзып қана қоймай, жолдағы қауіпсіздікке де қатер төндіреді.
Көлік бақылау инспекциясының рейді қалалық мәслихат депутаттарымен бірлесе өтті. Мақсат – жүк тасымалдау ережелерін бұзғандарды анықтау және мәселенің нақты ауқымын бағалау. Тексеру барысында мамандар жүк көліктерін тоқтатып, осьтік жүктемені өлшеп, рұқсат құжаттарын тексерді. Дегенмен, инспекторлардың айтуынша, жұмыста бірқатар қиындықтар бар.
Сонымен қатар, қаладағы барлық учаскелерде салмақтық бақылау бекеттері орнатылмағандықтан, кейбір жүргізушілер әдейі айналма жолдарды таңдайды. Депутаттар бақылауды және инспекторлардың техникалық жабдықталуын күшейту қажет екенін атап өтті.
«Біз мәслихат тарапынан, ең алдымен, көлік инспекциясын қосымша құрал-жабдықтармен толықтыруды бастамалаймыз. Бұл – қалаға кем дегенде бір, мүмкін болса екі эвакуатор алу, қосымша жылжымалы таразылар сатып алу. Сондай-ақ, министрлік пен Үкімет деңгейінде қаланың шекара периметрі бойынша осьтік таразылар орнату бағдарламасын жүзеге асыру мәселесін көтеруіміз мүмкін», – деді қалалық мәслихат депутаты, комиссия төрағасы Садир Хамраев.
Келер жылдан бастап еліміз жол қозғалысы саласында айтарлықтай өзгерістерді күтіп отыр. Жаңа нормаларға сәйкес, рұқсат етілген салмағынан асып түсетін самосвалдармен жүк тасымалдауға республикалық және қалалық маңызы бар жолдарда тыйым салынады. Тек жүксіз күйіндегі салмағы 12 тоннадан аспайтын көліктер ғана бұл ережеден босатылады.