Тарихи келбеті сақталуы тиіс нысандарды жаңғырту жобалары халыққа кем дегенде жарты жыл бұрын таныстырылуы қажет. Алматы қаласы мәслихатының ұйымдастыруымен өткен жиынға қатысушылар осылай деп пікір білдірді
Есте болса, әлеуметтік желіде мегаполис орталығында орналасқан № 56 мектептің тарихи келбеті бұзылып жатыр деген ақпарат тараған еді. Қала әкімдігі оның шындыққа жанаспайтынын айтып, оқу ошағында қазір сейсмикалық күшейту және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізген.
Сондай-ақ жауапты мамандар ғимараттың тарихи қасбеті сақталатынын баса айтты. Бүгін осы бір мәселеге қатысты жиын өтіп, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес пен құрылыс, білім және мәдениет басқармаларының өкілдері пікір білдірді.
«Қандай жұмыстар жүргізілетіні, қандай эскиздік жобалар бар екені және олардың қайсы келісілгені жөнінде біз халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Сол туралы келісімге келдік. Құдай қаласа, алдағы апталарда жұмысымызды бастаймыз», – деді Қоғамдық кеңес төрағасы Махамбет Хасенов.