Алматы қаласы аумағын құрылысқа пайдалану қағидаларына өзгерістер енгізілді

Алматы қаласы аумағын құрылысқа пайдалану қағидаларына өзгерістер енгізілді

Алматы қаласында Мәслихаттың кезектен тыс XXXVI сессиясы өтті. Отырысқа мәслихат депутаттары мен жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселе – Алматы қаласы аумағын құрылысқа пайдалану қағидаларына өзгерістер енгізу болды. Қала әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов Мемлекет басшысының таулы аймақтағы құрылысқа мораторий енгізу жөніндегі тапсырмаларын орындау барысы туралы баяндады.

Қала аумағын құрылысқа пайдалану қағидаларына көппәтерлі тұрғын үйлер мен тұрғын үй кешендерін таулы аймақтарда салуға тыйым салу жөнінде өзгерістер енгізілді. Бұл шектеу тек Бас жоспарға сәйкес көзделген әлеуметтік инфрақұрылым нысандары мен туристік кластер объектілеріне қолданылмайды. Сондай-ақ, бар инфрақұрылымға қосымша жүктеме түсіретін тығыз (нүктелік) құрылыстарға да тыйым салынды. Шектеулер қолданыстағы нысандарды қайта жаңарту, қайта жоспарлау және капиталды жөндеу жұмыстарына әсер етпейді.

Басқарманың деректері бойынша, Алматының таулы бөктерлерінде 171 мыңнан астам тұрғыны бар 29 шағынаудан қалыптасқан. Бұл аймақтарда инженерлік, көлік және әлеуметтік инфрақұрылым жетіспейді: 6 300-ден астам оқушы орны тапшы, жолдардың өткізу қабілеті мен нөсер кәріздері жеткіліксіз, инженерлік желілер шамадан тыс жүктелген. Тексеру нәтижелері бойынша 191 көшкін қаупі бар аумақ анықталып, оның 69-ында шұғыл шаралар қабылдау қажет екені белгіленді, ал 111 аумақ бойынша қосымша инженерлік зерттеу жүргізу ұсынылды.

Сонымен қатар, азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларын іске асырудың жаңа Қағидалары бекітілуіне байланысты тұрғын үй сертификаттарын беру жөніндегі нормативтік базаға өзгерістер енгізілді. Жаңа қағидалар тұрғын үй сертификаттарын беру тәртібін нақтылап, оны қолданыстағы заңнамаға сәйкестендіруге және бағдарламаны тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. 2025 жылдың басынан бері «Наурыз» бағдарламасы аясында 48 азамат тұрғын үй сертификатын алды.

Депутаттар сондай-ақ бірқатар ілеспе мәселелерді қарап, кейбір шешімдерді күші жойылған деп тану, әкімдіктің дербес құрамы мен мәслихаттың тұрақты комиссияларының құрамдарында өзгерістер енгізу туралы ұсыныстарды мақұлдады.