Алматы қаласы мәслихаты мен әкімдіктің бірлескен жоспары аясында депутаттар мегаполистегі ірі инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуын бақылауды жалғастыруда. Сол нысандардың бірі – Райымбек даңғылы бойындағы BRT желісінің құрылысы.
Жалпы ұзындығы 17 шақырым болатын учаскеде жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізілуде. Мердігер ұйымдардың мәліметінше, бүгінде нысандарда ескі жабындыларды бұзу және жол төсемін салу жұмыстары атқарылуда, жиектастар мен тротуарлар орнатылып, инженерлік желілер мен автоматты суару жүйесі қайта жасақталуда.
Құрылыс-монтаж жұмыстары 2026 жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланған.
Сонымен қатар депутаттар бірқатар ескертулер айтты, атап айтқанда, кей учаскелерде жұмысшы саны жеткіліксіз, бұл құрылыстың қарқынына әсер етуі мүмкін. Сондай-ақ, жер телімдерін сатып алу рәсімдерін жеделдету қажеттігі атап өтілді, бұл жобаның мерзімінде аяқталуына ықпал етеді.
Қалалық жобалардың ашықтығын, сапасын және уақытылы жүзеге асырылуын қамтамасыз ету мақсатында осындай нысандарға мониторинг жұмыстары жалғасатын болады.