
Алматы мәслихат депутаттарының шаһар тұрғындары шағымданған нысандарға тексерісі жалғасып жатыр. Халық қалаулылары бүгін жұмыс сапары аясында Жетісу ауданындағы Dragon City тұрғын үй кешеніне барып, ондағы мәселелермен танысты.
Азаматтар жерасты тұрағын заңсыз қайта сату, қазандықтың жұмысы және жерасты үй-жайында трансформаторлы қосалқы стансаның орналасуы сынды бірқатар өзекті сауалды көтерді. Тұрғындардың сөзінше, бастапқы жобада пәтерлер паркингімен бірге сатылған. Алайда кейіннен шарттар өзгеріп, ондағы орындар жеке сатылымға шығарылып, бағасы бірнеше есе қымбаттап кеткен. Кейін бұл аумақ түгелдей шетелден тауар тасымалдайтын кәсіп иелеріне берілгені анықталыпты.
«Бұл мәселені шешу үшін білек сыбана кірісу қажет. Менің ойымша, прокуратура мен мемлекеттік кірістер департаменті де бізге қосылады. Сондай-ақ мүлік иелері бірлестігі төрағасының айтуынша, үйді салған мердігер компания қашып жүрген сияқты. Сондықтан бұл іске Ұлттық қауіпсіздік комитетінің де араласқаны жөн болады деп ойлаймын», - деді қалалық мәслихат депутаты Тимур Елеусізов.
Еске салайық, осыдан бір ай бұрын қала әкімі Дархан Сатыбалды аталған тұрғын үй кешеніне жұмыс сапарымен барып, тұрғындарды толғандырған түйткілдерді талқылаған еді. Жауапты басқарма өкілдеріне мәселенің мән-жайын анықтап, қауіпсіздік шараларын пысықтауды тапсырды. Қалалық мәслихат депутаттары да тиісті органдармен бірлесе жұмыс атқарылатынын айтты.
«Құрылыс барысында, осы объектіні қабылдау кезінде көптеген заңға қайшы әрекет болған. Соның кесірінен қазіргі күні, өкінішке қарай, осы үйдің тұрғындары қиыншылық көріп отыр. Оның ішінде су мәселесі де, жылу мәселесі де бар», - деді қалалық мәслихат депутаты Дулат Тастекей.