Бір ай бұрын Алматы қалалық мәслихатының депутаттары Бостандық ауданына барып, су және кәріз жүйелерінің магистральдық желілерінде жүріп жатқан апатты-қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысқан болатын. Сол кезде Ремизовка мен Ерменсай шағынаудандарының тұрғындары өз уайымдары мен сұрақтарын жеткізді, әсіресе жолдың жағдайына қатысты. Қазба жұмыстары салдарынан көлік қозғалысы қиындап, жолсыздық тұрғындарға бірқатар қолайсыздықтар тудырды.
Еске сала кетсек, қаладағы проблемалық нысандар бойынша мәслихат пен әкімдік бірлескен жоспарды жүзеге асырып келеді. Осы аясында депутаттар тұрақты түрде нысандарға барып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысын және тұрғындар өтініштерінің орындалуын жеке бақылауда ұстайды.
Кеше депутаттар аталған аумақта қайта болды. Мердігер ұйымның айтуынша, инженерлік желілер бойынша жұмыстар бекітілген кестеге сай жүргізілуде. Желтоқсан айының соңына дейін сумен жабдықтауды қосу және барлық қалпына келтіру жұмыстары толық аяқталмақ.
Тұрғындардың ыңғайлылығы үшін мердігер компания «Акбота» дүкенінен жоғары қарай қарашаның 1-іне дейін уақытша қара (черновой) асфальт төсеуді, ал әл-Фараби даңғылынан дүкенге дейінгі аралықта қарашаның 15-іне дейін шұңқырларды жөндеуді уәде етті.
Қазіргі жұмыстар белгілі бір уақытша қолайсыздықтар туғызғанымен, олар қаланың оңтүстік бөлігін тұрақты сумен қамтамасыз ету үшін қажет. Бұл мәселе #MaslikhatAlmaty депутаттық корпусының тұрақты бақылауында.