Бүгін кезектен тыс XXXV сессия өтіп, онда депутаттар Алматы қаласының 2025–2027 жылдарға арналған бюджетіне өзгерістерді қарап, бекітті. Өзгерістер Мемлекет басшысы Жолдауында айтылған тапсырмаларды орындауға, сондай-ақ мегаполистің әлеуметтік және инфрақұрылымдық маңызды жобаларын аяқтауға бағытталды.
XXXV сессия барысында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Олжас Смағұлов бюджет процесінде тәртіптілікті қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.
«Бюджеттік жоспарлау – маңызды құралдардың бірі. Біз депутаттармен бірлесіп жұмысты күшейтіп, бюджет қаражатын пайдаланудың қатаң тәртібін қамтамасыз ететін боламыз. Қалада үлкен бюджет және көптеген жобалар бар, сондықтан біз рәсімдердің уақтылы орындалуын бақылауды күшейтеміз, іске асыруда тәртіп орнатамыз. Мұның бәрі жергілікті бюджетті басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған», - деп атап өтті әкімнің орынбасары.
Жалпы нақтыланған бюджет көлемі 2 трлн 508,4 млрд теңгені құрады. Оның елеулі бөлігі әлеуметтік салаға бағытталды. Білім беру саласына қосымша 41,2 млрд теңге бөлініп, бұл қаражат мектептерді салу мен қайта жаңғыртуға, жабдықтарды жаңартуға, «Алатау» дәстүрлі өнер театрының фойесі мен дәліздерін жаңғыртуға, сондай-ақ жылжымалы сахна алуға жұмсалады.
Денсаулық сақтау саласына қосымша 9,6 млрд теңге қарастырылған. Басым жобалардың қатарында №1 Перинаталдық орталықтың жаңа корпусын салу, Бостандық ауданындағы емхананы аяқтау, №7 қалалық клиникалық аурухананы қайта жаңғырту бар. Сонымен бірге өкпе обырын ерте диагностикалауға арналған заманауи цифрлық шешімдерді енгізу басталады.
Әлеуметтік әлсіз санаттағы тұрғындарды қолдауға 2 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Қарттарды қолдауға және белсенді ұзақ өмір сүруге бағытталған «Алтын жас» бағдарламасы жалғасады.
Сонымен қатар спорт пен қалалық инфрақұрылымды дамыту аясында 35 мың орындық жаңа стадионның құрылысы басталады, «Медеу» спорт кешені қайта жаңғыртылады, дарынды балаларға арналған спорт мектептері мен интернаттарын дамыту жалғасады.
Экология және абаттандыру саласында «Жасыл Алматы» ШЖҚ МКК-ның материалдық-техникалық базасын нығайту, «Алматы Тазалық» үшін жаңа арнайы техниканы сатып алу, сондай-ақ «Таза Қазақстан» бастамасы аясында жасыл желекті сақтау іс-шаралары қарастырылған.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қаланың төрт ауданында модульдік өрт сөндіру бекеттері орнатылады. Бұл халықтың қорғалу деңгейін арттырып, төтенше жағдайларға ден қою уақытын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, депутаттар «Атамекен» ҰКП төрағасының орынбасары болып тағайындалуына байланысты депутат Нұрсұлтан Шоқановтың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы мәселені қарады.