Сессияда жаңа көше атаулары, науқастарды қолдау және қысқы жол күтімі қаралды  

Сессияда жаңа көше атаулары, науқастарды қолдау және қысқы жол күтімі қаралды   

Бүгін Алматы қаласы мәслихатының XXXIV сессиясы өтіп, онда депутаттар бірқатар әлеуметтік маңызы бар мәселелерді қарап, қолдады.

Негізгі шешімдердің бірі – қаладағы 156 атаусыз көшеге атау беру болды. Оның ішінде 22 көше Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімін иеленеді, 15 көше «Тарихи тұлғалар» тізіміне енгізілген көрнекті қайраткерлердің атын алады. Олардың қатарында академик Әбдуәли Қайдар, археолог Карл Байпақов, тарихшы Сайым Балмұқанов, ауыр атлетикадан әлем чемпионы Анатолий Храпатый, олимпиада чемпионы, мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен, халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов, ақын-жазушы Мұзафар Әлімбаев, абайтанушы Қайым Мұхамедханов, қазақ мультипликациясының негізін қалаушы Әмен Қайдаров және КСРО халық артисі Наталья Сац бар.

Ал қалған 118 көше танымдық, тарихи-мәдени және дәстүрлі атауларға ие болады. Бұл ұсыныстар алдын ала мәслихат комиссияларында қаралып, Қоғамдық кеңеспен келісілген және Республикалық ономастикалық комиссияның оң қорытындысын алды.

Сонымен қатар, депутаттар жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын аурулар мен дәрілік заттар тізбесін кеңейтуді бекітті. Қосымша он әлеуметтік маңызы бар және сирек кездесетін патологиясы бар 23 пациент қымбат дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілетін болады.

Қала көріктендіру ережелеріне толықтырулар енгізілді. Енді жауын-шашынның аномальды деңгейінде қысқы маусымда көшелерді күшейтілген режимде күтіп-ұстау тетігі бекітілді. Мәселен, 2024–2025 жылғы қыста Алматыда бес тәулікте қатты қар жауған (14–22 см, норма – 1,87 см). Бұл жағдайда жұмысшылар мен техниканың санын шұғыл көбейту қажеттілігі туындады. Есеп бойынша, осындай жағдай қайталанса, 4 мыңға дейін жол жұмысшысы, 200 арнайы техника және 30 жүк тиегіш қажет болады. Жалақы тек нақты орындалған жұмысқа төленеді.

Сонымен бірге, кадрлық тағайындауларға байланысты Алматы қаласы әкімдігінің жеке құрамына өзгерістер енгізілді.