Алматыда мәслихат депутаттары электрсамокаттардың қозғалысын қалай реттейді
Биыл елімізде электр самокат жүргізушілері 20 мыңнан астам жол ережесін бұзған. Мәселенің өзектілігін Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында ерекше атап өтті
Президент мәлім еткендей, екі жыл бұрын қабылданған шектеулерге қарамастан, көшедегі қауіп сейілген жоқ. Жолдауда Қасым Жомарт Тоқаев жол жүру тәртібіне қатысты бірқатар заңға түзетулер енгізілетінін тілге тиек етіп, басты назарды азаматтардың қауіпсіздігіне аударуды талап етті.
Жолдағы қауіпсіздік жайын талқылау үшін Алматы қаласының мәслихат депутаттары арнайы жиын өткізді. Күн тәртібінде қос дөңгелекті құрылғыларға арналған жолақтардың санын арттыру, пайдаланушыларға бірыңғай тіркеу жүйесін енгізу және құқықтық жауапкершілікті күшейту мәселелері қаралды. Осыған орай халық қалаулылары, қоғамдық кеңес мүшелері мен құзырлы орган өкілдерінен құралған жұмыс тобы жақында іске кіреседі.
«Ішкі істер министірлігінің мәліметінше, көп құқықбұзушылық Алматы қаласына келеді. Сол себепті Алматы қаласында электрсамокаттардың қозғалысын дұрыс жолға қоюымыз қажет. Қоғам өкілдері, депутаттар, мемлекеттік органдар болып бірлесе жұмыс жасау үшін арнайы жиналдық. Тиісті жұмыс тобын құрып, тиісті ұсыныстарды заң шығарушы органдарға беру туралы келісімге келдік», – деді Алматы қаласы мәслихатының төрағасы Мейіржан Отыншиев.
«Қазіргі ең өзекті мәселелердің бірі – осы каршеринг компанияларының үш жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқанына қарамастан, әлі күнге дейін жүйелі бір тәртіптің жоқтығы. Сол себепті қатаң талап енгізіп, бұл саланы құқықтық тұрғыдан ретке келтіргіміз келеді», – деді қалалық мәслихат депутаты Әміржан Нәбиев.