Абаттандыру жұмыстарының сапасын бағалады

Абаттандыру жұмыстарының сапасын бағалады

Қыркүйек айының басталуымен және жаңа оқу жылының ашылуына байланысты Алматы мәслихатының атына тұрғындардан көптеген өтініштер келіп түсе бастады. Негізгі шағымдар әртүрлі аудандардағы ұзаққа созылған жөндеу жұмыстарына және жолдардың жабылуына қатысты болып отыр. Бұл жағдай қаладағы кептелістерге әкеліп, тұрғындарға қолайсыздық тудырады.

Мәселені өз көздерімен көру мақсатында мәслихат депутаттары Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасымен бірлесіп, қаланың орталық көшелері мен саябақтарын аралады. Маршрут Достық даңғылы – Жолдасбеков көшесінен төмен қарай, Панфиловшылар саябағы арқылы, әрі қарай Пушкин көшесімен Орталық мешітке дейін өтті.

Жұмыс барысында тротуарлардың, арық жүйелерінің жағдайы, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру жобаларының орындалуы, брусчатканың сапасы, орындықтардың жеткіліктілігі мен ыңғайлылығы, аумақтың тазалығы, сондай-ақ веложолақтардың ұйымдастырылуы тексерілді. Бірқатар учаскелер бойынша нақты ескертулер беріліп, анықталған кемшіліктерді жою жөнінде тапсырмалар жүктелді.

Сонымен қатар, аралау барысында мәслихат депутаттарына Медеу ауданының тұрғыны Достық даңғылы, 5 мекенжайындағы құрылыс жұмыстарының жағдайын тексеруді сұрап жүгінді. Бұл мәселе бойынша барлық салалық мемлекеттік органдарды тарта отырып, бөлек шығу ұйымдастырылатын болады.

Депутаттар мегаполис әкімі берген тапсырмаға сәйкес, барлық абаттандыру және құрылыс жұмыстары сапалы, белгіленген мерзімде және тұрғындардың мүдделерін ескере отырып жүргізілуі тиіс екенін атап өтті.