Алматыдағы арық жүйесінің жалпы ұзындығы 1 500 шақырымнан асады. Биыл 305 шақырымын қайта жаңғырту жоспарланған, оның ішінде 143 шақырымы қазірдің өзінде жаңартылды.
Кәсіпкерлік, инвестициялар, экология және туризм жөніндегі комиссия отырысында арық инфрақұрылымының жағдайы қаралды. Жиынға мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері қатысып, тұрғындардан түскен өтініштерді жеткізді: судың дұрыс ағуы, аулалар мен көшелердің су басуы мәселелері айтылды. Экология басқармасының өкілдері мұндай өтініштерге жедел әрекет етіп, арық жүйесін жаңғырту және күтіп ұстау жұмыстарын жалғастырып жатқанын атап өтті. Депутаттардың айтуынша, реконструкция қалалық су бұру жүйесінің тиімділігін айтарлықтай арттырып, нөсер кезінде су басу қаупін азайтады.
«Кейде арықтардың қоқысқа толып қалатынына тап боламыз, адамдар оған қоқыс тастайды. Жай ғана жапырақ емес, тастар, бетон сияқты жаз бойы жиналған ауыр заттар да бар. Барлық аудан әкімдерін бүгінгі жүйені ретке келтіруге шақырамыз, сонда бізде үлкен су тасқындары болмайды», – деді Алматы қаласы мәслихатының депутаты Руслан Идрисов.
Сондай-ақ отырыста қаланың атмосфералық ауасын қорғау ережелері талқыланды. Қазір құжат қоғамдық талқылауда. Бастама – төмен шығарындылар аймақтарын құру, бұл мегаполистің экологиясына түсетін салмақты азайтуы тиіс. Бүгінде Алматыда күн сайын миллионнан астам автокөлік жүреді, оның жартысына жуығы 2000 жылға дейін шығарылған. Дәл осы көліктер ауаның шамамен 60%-ын ластайды. Жобаға сәйкес, экологиялық класы төмен көліктер тестілеуден кейін қалаға кіру үшін ақы төлейтін болады. Депутаттар атап өткендей, пилоттық кезеңде қозғалыс тегін болады. Негізгі мақсат – қозғалысты шектеу емес, ауаның сапасын жақсарту.