Алматыда 5000-нан астам адам Абай әндерін орындап, оның ескерткішіне гүл шоқтарын қойды
⠀
Алматыда қазақтың ұлы ақыны, ойшылы және ағартушысы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына арналған салтанатты іс-шара өтті.
⠀
Салтанатты рәсімге Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, қалалық мәслихат төрағасы Меиржан Отыншиев, мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері, зиялы қауым өкілдері, шығармашылық және мәдени ұйымдар мен жастар қатысты. Жиналғандар ұлы ойшылдың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, оның рухына тағзым етті. Ескерткіш маңына жүздеген раушан гүлдері қойылды.
⠀
Қала тұрғындары мен қонақтары Абайдың аңызға айналған туындылары – «Желсіз түнде жарық ай» және «Көзімнің қарасы» әндерін орындады. Әндерді «Отырар сазы» оркестрі, Байқадамов атындағы мемлекеттік хор капелласы және Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенттік хоры сүйемелдеді.