Қазақстан Республикасының «Сайлау туралы» Заңына сәйкес, «AMANAT» партиясының тізімі бойынша Алматы қаласы Мәслихаты депутатының мандаты Дәурен Әділмырзаұлы Мараловқа берілді.
Естеріңізге салсақ, жеке өтініші негізінде «AMANAT» партиясынан сайланған депутат Бекбол Рамазанның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуына байланысты, мәслихат құрамында бос орын пайда болған еді.
Дәурен Маралов 1980 жылдың 20 сәуірінде Алматы қаласында дүниеге келген. 2001 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдаған. Еңбек жолын 2002 жылы агро-азық-түлік саласында бастап, «Алматылық ұн комбинаты» ЖШС-ін басқарған. 2010–2015 жылдары мұнай өңдеу саласында еңбек еткен.
2015–2024 жылдар аралығында еліміздегі ірі агроөнеркәсіптік кәсіпорындардың бірі – «Алтын Диірмен» АҚ президенті қызметін атқарды. 2024–2025 жылдары «Қазақтелеком» АҚ филиалына қарасты Сервистік фабрикасының бас директоры болды. Қазіргі таңда «Алтын Диірмен» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарады.
«Дәурен Әділмырзаұлы экономикалық және өндірістік салаларда мол тәжірибе жинаған. Оның білім-біліктілігі мен практикалық дағдылары қаланың дамуына және алматылықтардың игілігі үшін тиімді шешімдер қабылдауға өз септігін тигізетініне сенімдімін», – деп атап өтті Алматы қаласы Мәслихатының төрағасы Мейіржан Отыншиев.