Бүгін Алматы қаласы Мәслихатының кезектен тыс XXXI сессиясы өтті. Сессия барысында депутаттар қала үшін маңызды бірқатар мәселелерді қарап, тиісті шешімдер қабылдады.
Атап айтқанда, Алматы хайуанаттар бағы ерекше қорғалатын табиғи аумақты пайдаланғаны үшін бюджетке міндетті төлемақылардан босатылды. Депутаттар 2020 жылғы 30 қазандағы тиісті төлемақы мөлшерлемелерін бекіткен шешімнің күшін жойды деп таныды. Бұл шешім заңнамадағы өзгерістерге байланысты қабылданып, қолданыстағы заңдардан мұндай төлемдерді белгілеуге құқықтық негіз алынып тасталды. Айта кетсек, соңғы төрт жылда мегаполис хайуанаттар бағы ерекше қорғалатын табиғи аумақты пайдаланғаны үшін салық бюджетіне 110 миллион теңге сомасын аударды. Енді бұл қаражат мекеменің өз иелігінде қалып, инфрақұрылымды дамытуға және жануарларды ұстау жағдайын жақсартуға бағытталады.
Кадрлық өзгерістерге байланысты депутаттар Алматы қаласы әкімдігінің жаңартылған жеке құрамын бекітті. Шешім «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңға сәйкес қабылданды.
Коммуналдық инфрақұрылым, энергетика, сумен жабдықтау және қалалық мобилділік жөніндегі тұрақты комиссия құрамында да өзгерістер орын алды. Аталған комиссияның төрағасы болып осыған дейін оның жұмысына белсенді қатысқан депутат Садир Хамраев сайланды.
Сондай-ақ, сессия барысында «AMANAT» партиясынан сайланған мәслихат депутаты Бекбол Рамазанның өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды. Бұл шешім оның жеке өтініші мен Алматы қалалық аумақтық сайлау комиссиясының ұсынуы негізінде, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес қабылданды.