Алматыда «Senat Open» II Ашық кубогының іріктеу кезеңі өтті

Алматыда «Senat Open» II Ашық кубогының іріктеу кезеңі өтті

2025 жылғы 18 мамырда Алматы қаласында шахматтан «Senat Open» II Ашық кубогының 18-ші іріктеу туры өтті. Турнир Алматы қаласы мәслихатының қолдауымен Farabi HUB алаңында ұйымдастырылды.

Жарысқа Эло рейтингі 2000-нан аспайтын 100-ден астам шахматшы қатысты. Швейцариялық жүйе бойынша өткен 9 турдың қорытындысы бойынша үздік 35 ойыншы 9 тамыз күні Талдықорғанда өтетін Шығыс өңірінің жартылай финалында Алматының намысын қорғайтын болады.

Турнирге Алматы қаласы мәслихатының түрлі шақырылымдағы депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері, мемлекеттік қызметшілер, БАҚ өкілдері, ардагерлер кеңесі мен «Қайраткер» Жас саясаткер мектебінің түлектері қатысты. Бұл — шахматтың ойлау, диалог және қоғамдық бірлікті дамыту құралы екенін көрсетеді.

Турнирдің ашылу салтанатында Алматы қаласы мәслихатының төрағасы Мейіржан Отыншиев, Priority Banking басқарушы директоры Қанат Сыбанов, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ проректоры Сәбит Суатай және Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті Александр Бабенко сөз сөйледі.

Мәслихат төрағасы Мейіржан Отыншиев қатысушыларға сәттілік тілеп қана қоймай, турнирге қатысып, барлық 9 турды ойнады.

«Senat Open – бұл диалог, интеллектуалдық даму мен түрлі сала өкілдерінің өзара әрекеттестігінің алаңы. Шахмат жасына, мамандығына немесе өмірлік жолына қарамастан адамдарды біріктіреді. Осындай іс-шаралар қоғамда сенім, түсіністік пен өзара құрмет мәдениетін қалыптастыруға көмектеседі», – деді мәслихат төрағасы.

Турнирдің жеңімпазы – Арсилан Алахунов, ол 7½ ұпай жинады. Екінші және үшінші орындарды Серікбай Қабираев пен Марат Мурзин иеленді.

Алты арнайы номинацияда үздіктер деп танылды:

  • әйелдер арасында – Жанар Шопанова (12-орын),
  • мәслихат депутаттары мен аппарат қызметкерлері арасында – Еркін Рақышев (17-орын),
  • мемлекеттік қызметшілер арасында – Даурен Исаев (6-орын),
  • қоғамдық кеңес өкілдері арасында – Әлембек Жұмабеков (40-орын),
  • БАҚ өкілдері арасында – Бекарыс Жандәулет (8-орын).

    Фото: Кайрат Конуспаев