Алматы қаласы спорт басқармасының 2024 жылғы атқарылған жұмысы және 2025 жылға арналған жоспарлары туралы

Алматы қаласы спорт басқармасының 2024 жылғы атқарылған жұмысы және 2025 жылға арналған жоспарлары туралы

Қоғамдық даму, мәдениет, спорт, дін және жастар ісі жөніндегі тұрақты комиссияның отырысында жаңадан тағайындалған Спорт басқармасының басшысы Дархан Нұрханұлы 2024 жылы атқарылған жұмыстар мен 2025 жылға арналған жоспарлар туралы баяндады. Алматыда бұқаралық спортпен айналысатындар үлесі 42%-ға жетіп, 950 мыңнан астам адамды құрады. Жыл ішінде 2400-ден астам спорттық іс-шара өткізілді, оның ішінде халықаралық жарыстар да бар: фристайлдан әлем кубогының финалдық кезеңі, «Almaty Half Marathon», шосседегі велоспорттан Азия чемпионаты және т.б.

Жоғары жетістіктер спортында бүгінде Алматыда 15 мың спортшы, 1012 жаттықтырушы бар, 92 спорт түрі дамуда. 2024 жылы 3 адамға Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, 107 адамға халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 313 адамға спорт шебері атағы берілді, 1781 кандидат және 804 бірінші разряд иегері дайындалды.

Алматы 2023 жылдың үздік спорттық өңірі болып танылып, қаланың спортшылары ұлттық және халықаралық жарыстарда 4600-ден астам медаль жеңіп алды.

Спорт инфрақұрылымы да қарқынды дамуда: «Зерделі» және «Жас Қанат» дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, «ADD Tennis Padel» орталығы пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта 4 жаңа ДШСК, 5000 орындық жеңіл атлетика манежі, Медеу және Орталық стадионның қайта жаңғырту жобалары әзірленуде. Цифрлық METEOR платформасы енгізіліп, спортты ұлттық деңгейде басқарудың бірыңғай жүйесі қалыптастырылуда.

Депутаттар спорт саласын дамыту, жастар үшін жағдайды жақсарту және тұрғындарды салауатты өмір салтына кеңінен тарту бойынша бірқатар ұсыныс пен ұсынымдарын білдірді.