24 сәуірде Астана қаласындағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясының пленарлық отырысы өтті.
«Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл» тақырыбымен ұйымдастырылған бұл ауқымды шара елдегі этносаралық келісім мен қоғамдық бірлікті нығайтудағы маңызды кезең болып саналады.
Сессия жұмысына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев және ҚР Парламентінің депутаттары, еліміздің барлық өңірлерінен келген Ассамблея мүшелері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің төрағалары, сондай-ақ орталық және жергілікті атқарушы органдардың, діни бірлестіктердің басшылары, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Ақтөбе делегациясының құрамында Ақтөбе қалалық мәслихат депутаттары Талғат Хамитов пен Видади Фарзалиев те болды.
Мемлекет басшысы өз сөзінде ҚХА өзінің 30 жыл ішінде қазақстандық қоғамда тұрақтылық пен келісімді нығайтуға баға жетпес үлес қосқанын атап өтті. Бірегей қоғамдық институт деп танылған Ассамблея бейбітшілік пен келісімнің қайталанбас үлгісін қалыптастырды.