Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен жиында Ақтөбе қаласының дамуы мәселесі қаралды.
Жиынға облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері, басқармалар мен бөлімдер басшылары, мердігер мекемелер қатысты. Қала әкімі Азамат Бекет жиналғандарға қаланың дамуы бойынша баяндап, атқарылған жұмыстар, жоспарлармен бөлісті.
Қала бюджетінің 54%-ы инфрақұрылымдық даму мен жайлы ортаны қалыптастыруға бағытталып отыр.
Атап өтсек, 16,3 млрд.тг. сомаға жол құрылысы бойынша 28 жоба жүзеге асырылмақ, 158 шақырым жолға құрылыс және қайта жаңарту жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ Оңтүстік батыс-1, 2 алаптарындағы жолдар мен Телефонная көшесіне күрделі жөндеу жүргізіледі. Жалпы ұзындығы 41,2 шақырым болатын 18 көше бойынша орташа жөндеу жұмыстары да бар.
Халықпен кездесулерде жиі көтерілетін сұрақ – тұрғын алаптардың инженерлік желілермен қамтылуы. Қаладағы 54 алаптың 46-сы электр, газ желілерімен, 37-сі су жүйесімен қамтылған. Халықты инженерлік желілермен толық қамту мақсатында 13,9 млрд.тг.-ге 24 жоба жоспарланып отыр.
Биыл тұрғындардың бастамасымен 2,2 млрд.тг.-ге 77 жоба жүзеге асырылады. Мәселен, аулаларда ойын, спорт, футбол алаңдары орнатылып, абаттандырылады, скверлер пайда болады. Бұл «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасын ұтымды пайдаланудың нәтижесі.
100 көп қабатты тұрғын уйлердің аулалары жөнделеді, қала бойынша 50 мың ш.м. астам жаяу жүргіншілер жолдары салынбақ.
Сондай-ақ бірқатар әлеуметтік нысандар құрылысы да жүргізілуде. Жыл соңына дейін Есет батыр, Жаңақоныс тұрғын алаптарында мәдениет үйлері, №21 мектеп пен Жаңақоныс алабында дене шынықтыру сауықтыру комплекстері өз жұмыстарын бастайды.