Мемлекеттік қазынаның қаржысын қайда жұмсауды тұрғындар атқарушы билік органдарымен бірге шешеді. Бұған «Халық қатысатын бюджет» жобасы мүмкіндік беріп отыр. Бұл жоба аясында әр тұрғын тұрғылықты жерін абаттандыруға бюджеттен қаражат ала алады. Осылайша қаланың көркеюіне атсалысуға, сайып келгенде қаланы басқару ісіне өз үлесін қосуына мүмкіндігі болады.
Егер Ақтөбе қаласының тұрғыны болсаңыз және шаһарымыздағы ортақ пайдалану орындарын жақсарта түсу туралы идеяларыңыз болса, оны жүзеге асыру үшін бюджеттен қаржы ала аласыз. Әрине, қолыңызға ешкім ақша ұстатпайды, бірақ сіздің бастамаңызды жүзеге асыруды билік қаржыландырады.
20 қаңтардан бастап жергілікті әкімдік тұрғындардан аталған жоба аясында ұсыныстар қабылдауды бастады. «Халық қатысатын бюджет» жобасы бойынша ұсыныстар осы жылдың 1 наурызына дейін қабылданады.
Әр тұрғынның жобасы маңызды
Жергілікті қазына қаржысын жұмсауға тұрғындардың қатысуы — әлем елдерінде бар тәжірибе.Мұны «партисипаторлық бюджеттеу» деп атайды. Алғаш партисипаторлық бюджеттеу 1980 жылдары Бразилияда пайда болған деседі. Аталған елдің Порту-Алегри қаласында Жұмысшылар партиясы халықтың қатысуына негізделген демократия нормаларын дамыту мақсатында осындай бағдарлама әзірлепті. 2001 жылы партисипаторлық бюджеттеу Бразилияның 100-ден астам қаласында, 2015 жылы оның мыңдаған нұсқалары Америкада, Африкада, Азияда және Еуропада енгізілді. Соның негізінде көптеген елдерде жергілікті өзін-өзі басқару органдары тәжірибелері қолға алынып, осы бағытта заңдар да қабылдана бастады. Бұл сайып келгенде қоғамның қазына бюджетін жұмсауға қатысуына, ортақ мәселелерді билікпен бірігіп шешуіне, демократиялық шешімдер қабылдауға қатысуына мүмкіндігін арттырады.
Қазақстанда партисипаторлық бюджеттеу 2019 жылы қолға алынды. Елімізде партисипаторлық бюджеттеу«Халық қатысатын бюджет» жобасы арқылы іске асырылады. Аталған жоба 2019 жылы пилоттық режимде Астана, Алматы қалаларында, бір жылдан кейін басқа қалаларда жүзеге асырыла бастады.
Ақтөбеде «Халық қатысатын бюджет» алғаш рет 2020 жылы қолға алынды. Бүгінде бұл жобаға тек облыс орталығы тұрғындары ғана емес, Алға, Қандыағаш, Хромтау, Шалқар қалалары да қатысады.
Ақтөбе қалалық мәслихаты төрағасы Анар Даржанованың айтуынша, аталған жоба халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып жасалғанымен, жергілікті ерекшеліктерге де мән берілген.
— «Әр елдің салты басқа»: кейбір елдерде бұл жоба бойынша тұрғындар тек ұсыныс айтады, дауыс бермейді, оны билік өкілдері өздері саралап, қажет деген жобалар үшін ақша бөледі. Кей елдерде көпшіліктің дауыс беруімен үздік жобалар анықталады. Біздің елде тұрғындарға бюджет қаржысын жұмсауға қатысуға мүмкіндік беріліп отыр: тұрғындар ұсыныс береді, оны дауысқа салады және көп дауыс жинаған жобаны жүзеге асыру үшін қаржы бөлінеді, — дейді Анар Даржанова.
Анар Даржанованың айтуынша, «Халық қатысатын бюджет» жобасының бірнеше артықшылығы бар: ол бюджет процесінің ашықтығын арттырады, билікке деген сенімді нығайтады, тұрғындарға аудан үшін қандай жобалар маңызды екенін шешуге мүмкіндік береді, қалалық ортаны жақсартады.
2024 жылы «Халық қатысатын бюджет» жобасын жүзеге асыру үшін 2,1 млрд теңге бөлінген. Бұл қаржы тұрғындар ұсынған 79 жобаны іске асыруға жұмсалыпты. Оның ішінде Астана ауданы тұрғындары ұсынған 44 жоба үшін 1,1 млрд Алматы ауданы тұрғындары ұсынған 35 жоба үшін 982 млн теңге бөлініпті.
Биыл Ақтөбе қаласы бюджетінен 2,3 млрд теңге қаржы қарастырылып отыр. Оның ішінде Астана ауданы бойынша — 1,5 млрд теңге, Алматы ауданы бойынша — 726,4 млн теңге.
Алматы ауданы бойынша аталған жобаны жүзеге асыру жұмыстары үшін жауапты маман Бақытжан Нұржауғановтың айтуынша, бірінші кезеңде әрбір тұрғын ауданның тыныс-тіршілігін жақсартуға бағытталған жоба ұсына алады.
— Ұсыныстардың талаптарға сәйкестігі қаралғаннан кейін жобаға аудан тұрғындары
ауданның ресми сайтында электронды түрде дауыс береді. Дауыс беру нәтижелері бойынша сараптамалық кеңес тиісті шешім қабылдайды. Жоба кемінде 50 дауыстан жоғары жинауы керек. Дауыс беру нәтижелері мен сараптамалық кеңестің шешімдері әкімдіктің интернет-ресурсында жарияланады.
Аудан тұрғындарының тұрғылықты жері бойынша өзекті мәселелер бойынша жобаларды қабылдау Ақтөбе қаласы Алматы ауданы әкімдігініңwww.gov.kz сайты арқылы беріледі.Тұрғындарды белсенді қатысуға шақырамыз! — дейді Б.Нұржауғанов.
Бағдарлама шеңберінде тұрғындарқандай да бір аумақты көгалдандыру, тротуарлар, пандустар, арықтар салу және жөндеу,ортақ пайдалану орындарын жасақтау, жөндеу және жарықтандыру (саябақтар, скверлер, жаяу жүргіншілер аймақтары және өзге де объектілер), бордюрларды, брусчаткаларды, тіреуіш қабырғаларды жөндеу, қоқыс тастайтын жерлерді жою, ортақ пайдалану орындарында күркелер, орындықтар, урналар және балалардың ойнауы және ересек тұрғындардың демалуы үшін жабдықтар мен конструкциялар орнату және жөндеу, аула аумақтарында және ортақ пайдалану орындарында спорттық (жаттығу алаңдарын, футбол, баскетбол, волейбол алаңдарын), балалар ойын алаңдарын орнату, жөндеу және жарықтандыру жұмыстары, санитарияны қамтамасыз етусекілді ұсыныстарын бере алады.
— БылтырAmanat партиясы ұйымдастырған Республикалық Форумда сол уақыттағы Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровқа аталған жобаға қатысты ақпараттандыру құралдарының қажеттілігі, Қағидаға өзгеріс енгізу жөнінде ұсынысымды айтқан едім. Нәтижесінде eGov сайтында «Өмірлік жағдайлар» («Жизненные ситуации») тетігі енгізілді. Осы бойынша жобаға қатысты барлық ақпаратты алуға болады. Сонымен бірге жобаға қатысты басқа да ұсыныстар айтылды. Мәселен, көпқабатты үйлер мен жер үйлерге жақын жобалар үшін дауыс жинауда алшақтықтар бар, сол мәселені реттеу керектігі айтылды, — деді Анар Даржанова.
Қалай өтініш беруге болады?
«Халық қатысатын бюджет» сервисі мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының бірыңғай платформасында енгізілді (www.gov.kz).
Аталған жобаға қатысу үшін ең алдымен өтінімді толтыру қажет. Яғни жобалық ұсыныстың атауы, оның сипаттамасы, мекенжайы, орналасқан жері туралы толық ақпарат енгізуіңіз керек. Одан соң жобалық ұсыныстың болжамды фотосуреттері, эскизі, схемасы секілді құжаттарды және сметасын тіркеу қажет.Бұл ретте интернеттен немесе кез келген басқа ашық дереккөздерден алынған эскиздерді, есептеулерді пайдалануға рұқсат етіледі.
— Ұсыныс келесі критерийлерге сәйкес келуі керек: біріншіден, нысан жалпы пайдалануда болуы керек, яғни оны қала тұрғындары еш кедергісіз пайдалана алуы керек; екіншіден, объектінің орналасқан жері оны іске асыру жоспарланып отырған ауданның, қаланың аумағында, жалпы пайдалану учаскесінде болуға тиіс; үшіншіден, әкімдіктің құзыреті шегінде болуы міндетті және төртіншіден, ұсыныс сол жердегі тұрғындар үшін өзекті болуы керек, — дейді А.Даржанова.
Барлық өтінімдер қабылданғаннан кейін әрбір аудан, ала әкімдігіжанынан сараптамалық кеңестер құрылады. Жобалар тиісті әкімдіктердің www.gov.kz ресми парақшаларында жарияланады.
«Халық қатысатын бюджет» аясындағы жобаларға дауыс беру үшін алдымен www.gov.kz сайтына кіру қажет. Ол үшін eGov.kz порталы арқылы ЭЦҚ, пароль+SMS немесе QR-код арқылы кіріп, авторизация жасайсыз.
Содан соң өзіңізге ұнайтын жобаның бетіне өтіп, «Дауыс беру» батырмасы арқылы дауыс бересіз. Әр адам тек бір жобаға дауыс бере алады. Берілген дауысты жою мүмкін емес.
P.S. Бүгінде Астана, Алматы аудандары бойынша тұрғындардан ұсыныстар қабылданып, аталған аудандардың ресми сайттарына орналастырылып жатыр.
Мәселен, Алматы ауданы бойынша әзірге 29, Астана ауданы бойынша 24 ұсыныс түсіпті. Олардың дені — балаларға арналған ойын, спорт алаңдарын, тротуарлар салу, аулаларды абаттандыру, саябақтар салу. Ұсыныстар 1 наурызға дейін қабылданады.