
29 маусым күні Ақтөбе қалалық мәслихатының Аграрлық мәселелер, экология және жер қатынастары жөніндегі тұрақты комиссиясы мен Заңдылық, құқықтық тәртіп, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының бірлескен отырысы өтті.
Күн тәртібінде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының жүзеге асырылу барысы, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар және төтенше жағдайлардың алдын алу мәселелері қаралды.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында Астана және Алматы аудандарында 24 мыңға жуық тұрғын сенбіліктерге қатысып, 12 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. Сонымен қатар, көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда.
Сондай-ақ, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайлардың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды. Ақтөбе қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Данарбек Иманғазиннің баяндамасына сәйкес, ағымдағы жылдың алғашқы бес айында қалада 123 өрт оқиғасы тіркелген. Ол өрт қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді.
Отырыс барысында депутаттар тұрғын үйлерге жақын орналасқан жанармай және автогаз құю станцияларындағы қауіпсіздік талаптарын күшейту, төтенше жағдай кезінде тұрғын үйлердегі шлагбаумдардың қолжетімділігі, санитарлық тазалықты сақтау, заңсыз қоқыс үйінділерінің алдын алу, сондай-ақ тазалық талаптарын сақтамайтын тұлғаларға қатысты бақылау жұмыстарын күшейту мәселелерін көтеріп, өз ұсыныстарын білдірді.