
10 сәуір қала әкімі Азамат Бекеттің қатысуымен мәслихаттың кезекті 36 сессиясы өтті.
Депутаттардың қарауына қала бюджетін нақтылау сұрағы шығарылды.
Облыстық бюджеттен 2,2 млрд.тг. көлеміндегі нысаналы трансферттер қарастырылған. Қаражат Өрлеу тұрғын алабындағы жол құрылысын аяқтауға, Бауырластар, 41 разъезд алаптарында жол салуға, 15 көшені орташа жөндеуге, Сүт зауыты ауданы және қаланың орталығындағы 8 көшені күрделі жөндеуге, Маресьев көшесі, 77 үйді күрделі жөндеуге, басқа да жобаларға бағытталды.
Қала бюджетінде кіріс бөлігінің орындалуына қарай 2 млрд.тг. қаражат нақтылануда. Бұл қаражат тұрғындарды әлеуметтік қолдауға және жер қатынастары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бағытындағы жобаларды қаржыландыруға бағытталды.
Оның ішінде 1, 2, 3 топтағы мүгедектігі бар адамдарды санаторий-курорттық емдеу шығындары және мүгедек балаларды кохлеарлық импланттармен қамтуға, «Жайна», «Болашақ мұра», «Мүгедек балалардың құқықтарын қорғау қоғамы» және психоневрологиялық ауытқулары бар балаларға жартылай стационар жағдайында арнаулы көмек көрсетуге жұмсалады.
Сондай-ақ Чернобыль атом электр станциясындағы апат салдарын жоюдың 40-жылдығына орай апаттың құрбаны болған, қалада тіркелген 244 тұрғынға 100 мың теңгеден біржолғы көмек көрсетілмек.
Көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында Алматы ауданы бойынша 7 көше, Астана ауданында 5 көшеге, қаланың Ескі бөлігіндегі 6 көшеге орташа жөндеу жұмыстарына 1,5 млрд.тг. бөлінді.
Сессия барысында Депутаттар Алтын орда шағын ауданындағы электрмен қамту желілерін жаңғырту, №74 мектептің шатырын күрделі жөндеу, Тұрғынқалашық ауданындағы көне гараждардың жағдайы, Даун синдромы бар адамдарды қолдау орталығын қаржыландыру мәселелері бойынша сауалдарын жолдады.