Тұрақты комиссия отырысында қалалық бюджетті нақтылау жобасы талқыланды

Тұрақты комиссия отырысында қалалық бюджетті нақтылау жобасы талқыланды

Мәслихаттың экономика, бюджет және қаржы бойынша тұрақты комиссия отырысында қалалық бюджетті нақтылау жобасы талқыланды.

Қала бюджеті облыстық бюджеттен нысаналы трансферттердің бөлінуіне және бюджеттің кіріс бөлігінің ұлғаюына байланысты нақтылануда.

Экономика және қаржы бөлімімен ұсынылған жобаға сәйкес, қаражат тұрғын алаптарда автомобиль жолын салу, қала көшелерін күрделі және орташа жөндеу, жаяу жүргіншілер жолын салу, тұрғындарға әлеуметтік көмек көрсету, қараусыз қалған жануарларды аулау, уақытша ұстау, егу және зарарсыздандыру жобаларын қаржыландыруға бағытталмақ.

Мәселен, облыстық бюджеттен бөлінген трансферттер есебінен тұрғын үй қорын жаңғырту бағдарламасы бойынша Маресьев көшесі, 77 үйде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Сондай-ақ Х.Досмұхамедұлы көшесінен Ғ.Жұбанова көшесіне дейінгі автомобиль жолының және Өрлеу алабындағы жолдардың құрылысын аяқтау, 15 көшені орташа жөндеу және 8 көшені күрделі жөндеу жұмыстары жалғасады.

Әлеуметтік қолдау бағытында бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарды алып жүретін азаматтарға санаторий-курорттық ұйымға келу құнын өтеу, Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың зардаптарын жоюдың 40 жылдығына орай барлық санаттағы адамдарға біржолғы төлем төлеу, әлеуметтік қорғау саласында басқа да жобаларды қаржыландыру қарастырылуда.