Әлеуметтік-мәдени даму және жастар ісі бойынша тұрақты комиссия отырысы өтті

Әлеуметтік-мәдени даму және жастар ісі бойынша тұрақты комиссия отырысы өтті

27 ақпанда «Анаға тағзым» орталығында қалалық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму және жастар ісі бойынша тұрақты комиссиясының көшпелі отырысы өтті.

Депутаттар мен Қоғамдық кеңес мүшелерімен балалардың құқықтарын қорғау, бұқаралық спортты дамыту, «Дара бала» платформасының жұмысы, басқа да мәселелер талқыланды.

Бүгінгі күні қалалық білім бөлімінің қорғаншылық және қамқоршылық органының есебінде 424 бала тіркеуде тұр. Оның ішінде 27-сі патронаттық тәрбиеде. 410 балаға «Отбасы банк» есепшот ашылып, дееушілікпен, қорғаншылармен қаражат толықтырылуда.

Одан бөлек қала бойынша 109 қолайсыз отбасы тіркелген. Барлық бала саны 241 (116 қыз, 125 ұл). Бұл отбасылармен адрестік жұмыстар жүргізіледі: FSM Social жүйесіне тіркеліп, Отбасын қолдау орталығымен бірлесіп көмек көрсетіледі (мектеп құралдары, азық-түлікпен қамтамасыз ету, заңгер, психологиялық көмек, т.б.).

Сондай-ақ қала және аудан әкімдіктері жанында кәмелетке толмағандардың істері және  олардың құқықтарын  қорғау жөніндегі комиссия жұмыс істейді. 2025 жылы комиссия отырыстарында 170 материал қаралып, ата-аналарға, балаларға ескерту беру, полиция есебіне алу, ата-ана құқығын шектеу, арнайы мектеп-интернатқа жолдау, т.б. шешімдер қабылданған.

Әлеуметтік комиссия отырысында қосымша білім беру бойынша мемлекеттік тапсырысты жүзеге асыратын «Dara bala» платформасының жұмысы да талқыланды. Платформа 2023 жылдың қаңтарынан бастап жұмыс жасайды. Платформа арқылы білім беру, спорт секциялары, шығармашылық үйірмелеріне мемлекеттік тапсырыс жүргізіледі. Бүгінгі күнге портал арқылы 159 кәсіпкер қызмет көрсетіп, өңірдегі 9507 бала қосымша біліммен қамтылып отыр.

Жиын соңында депутаттар «Отбасын қолдау орталығының» жұмыс қорытындыларымен танысты. Орталық 2022 жылы ашылып, бүгінгі күні Анаға тағзым орталығының ғимаратында орналасқан. Консультациялық көмек, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, уақытша тұруды қамтамасыз ету, неке және отбасын сақтау, басқа да бағыттарда қызмет көрсетеді. 2025 жылы орталық 598 адамға құқықтық көмек, 811 адамға психологиялық көмек, 489 адамға әлеуметтік көмек, 96 адамға медиатр кеңесі, т.б. қолдау көрсетілді.