Мәслихаттың сессиясында Ақтөбе қаласының 2026-2030 жылдарға даму жоспары мен 2025 – 2029 жылдарға арналған жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспары бекітілді.
Қаланың даму жоспары Ұлттық және өңірлік даму жоспарларының мақсаттар, нысаналы индикаторлар, міндеттер мен нәтижелер көрсеткіштеріне негізделген. Жоспарда 3 негізгі бағыттар мен жіктеулер, 9 негізгі ұлттық индикаторлар, 9 нысаналы индикаторлар және 11 нәтижелік көрсеткіштер қарастырылған. Барлық индикаторлар мен мәндері облыстық салалық басқармаларымен дайындалған.
Қала бойынша 2025 – 2029 жылдарға арналған жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспар Жер Кодексіне және Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен бекітілген типтік жоспарға сәйкес әзірленген.
Жоспарда Ақтөбе қаласының жер санаттары және олардың көлемі көрсетілген, ауыл шаруашылығы жерлері санатында орналасқан, ауыл шаруашылығын жүргізуге берілген жер учаскелерінің қай аудан аумағында орналасқаны, меншік иелері мен жер пайдаланушылары туралы ақпараттар, жер учаскелерінің көлемі және олардың кадастрлық нөмірлері, басқа да мәліметтер көрсетілген.
Сессияда мәслихат төрағасы А.Даржанова жылды қорытындылап, мәслихаттың 2025 жылы атқарған жұмыстарына тоқталып өтті. Жыл басынан мәслихаттың 9 сессиясы өткізіліп, 131 шешімі қабылданды. Депутаттар аулаішілік абаттандыру, Халық қатысатын бюджет, тұрғын үй қорын жаңарту, басқа да жұмыстарға мониторинг жүргізіп, мемлекеттік органдарға ұсыныстарын берді. Оның ішінде заңнамалық өзгерістер бойынша министрліктерге жіберілген ұсыныстар да бар. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, Мәжіліс депутаттары Дания Еспаева, Қазбек Әлішевпен кездесулерге қатысып, Қаржы, Ұлттық экономика вице-министрлерінің қабылдауында болып, салық және бюджеттік заңнама, жергілікті басқару заңнамасы бойынша өзекті мәселелер көтерілді.
2025 жылы депутаттар қоғамдық қауіпсіздік, қаланың өзекті мәселелеріне қатысты 31 депутаттық сауал жолдады.
Жыл ішінде өңіраралық ынтымақтастық, мәслихаттардың жұмысы, басқа да мәселелер бойынша түрлі қалаларда өткізілген семинарлардың нәтижесінде қалалардың мәслихаттары арасында өзара тәжірибе алмасу, ынтымақтастық жолға қойылды.