
Ақтөбеде кәсіпкерлердің демеушілігімен әкелінген 150 қарағай отырғызылды. Күзгі ағаш отырғызу акциясына қала әкімі Азамат Бекет, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, санитарлық тазалықпен айналысушы жұмысшылар қатысты.
Биіктігі 3 метр болатын мәңгі жасыл қарағайлар Әбңлқайырхан даңғылына, ескі қалаға және Алтын орда шағын ауданына отырғызылды. 70 түп қарағай Өнер орталығы мен Неке сарайы алаңдарынан орын тапты. Одан бөлек Ж.Кереев скверінің темір жол вокзалына қараған кіреберісіне және М.Шоқай көшесіне егілді.
Айта кету керек, осыған дейін биіктігі 4-5 метрлік қарағайлар мен шыршалар М.Мәметова, Ғ.Жұбанова көшелеріне, әуежайға бағытына, құс шие, шаған ағашы орталық мешіт алаңына, автовокзалға баратын жолға отырғызылды. Алтын орда ауданына, Бөкенбай батыр көшесіне алма ағашы мен қарағайдың 6 мың түбі егілді. Бұл жұмыстардың көп бөлігі демеушілік көмек есебінен іске асты.