18 қараша күні мәслихат төрағасы Анар Даржанованың төрағалығымен және қала әкімі Азамат Бекеттің қатысуымен мәслихаттың кезектен тыс 32 сессиясы өтті.
Депутаттардың қарауына Ақтөбе қаласында оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолдану кезінде салық мөлшерлемесінің мөлшерін төмендету мәселесі шығарылды.
Айта кетсек, аталған сұрақ тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында алдын-ала талқыланып, Мемлекеттік кірістер басқармасы, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы, Экономика және қаржы, Кәсіпкерлік бөлімдерінің позициялары мен есептеулері ұсынылды.
Айта кетсек, жаңа Салық Кодексіне сәйкес, мәслихаттар оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданушыларға 4% көлемінде белгіленген салық мөлшерлемесін 50%-дан аспайтын мөлшерде төмендетуге немесе арттыруға құқығы бар.
Талқылаулар нәтижесінде оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданушыларға салық мөлшерлемесінің мөлшерін 4%-дан 3%-ға дейін төмендету шешімі көпшіліктің даусымен қолдау тапты.
Сессияда Алматы және Астана аудандары бойынша атауы жоқ 9 көшеге қызметтік борышын атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан құтқарушылар мен ішкі істер органдары қызметкерлерінің есімдерін беру мәселесі қаралды. Ұсынылған атаулар бойынша алдын-ала қоғамдық тыңдаулар өткізіліп, комиссия отырысында да қаралған болатын.
Сондай-ақ Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері және тәртібін айқындау және Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетудің қағидаларын бекіту бойынша мәслихат шешімдеріне қолданыстағы заңнамаға сәйкестендіру мақсатында өзгерістер енгізілді. Одан бөлек, Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетудің қағидаларын бекіту бойынша шешімге санаторийлік - курорттық емделуге бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарды алып жүретін азаматтарға, санаторийлік - курорттық ұйымда болу құнын өтеу ретінде нақты шығындарын 70 пайыздан аспайтын мөлшерде өтеу бойынша өзгеріс енгізілді.