Бюджеттік және әлеуметтік тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өтті

Бюджеттік және әлеуметтік тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өтті

Ақтөбе қаласында оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолдану кезінде салық мөлшерлемесінің мөлшерін төмендету мәселесі бүгін мәслихаттың бюджеттік және әлеуметтік комиссияларының бірлескен отырысында қаралды.

Айта кетсек, Салық Кодексіне сәйкес, мәслихаттар оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданушыларға 4% көлемінде белгіленген салық мөлшерлемесін 50%-дан аспайтын мөлшерде төмендетуге құқығы бар.

Осылайша, жоба бойынша Ақтөбе қаласында оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілер үшін корпоративтік табыс салығы және жеке табыс салығы мөлшерлемесі 4%-дан 3%-ға дейін төмендету ұсынылды.

Комиссия отырысында Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Нұрсұлтан Сәдуахасов, Экономика және қаржы бөлімінің басшысы Амангүл Садуақасова аталған мөлшерлеме төмендетілген жағдайда бюджетке түсетін кірістер көлемінің өзгерісі бойынша ақпарат ұсынды. «Атамекен» ҰКП облыстық филиалы мөлшерлемені 50 пайызға төмендету бойынша өз позицияларын ұсынды.

Комиссия отырысында бірқатар мәслихат шешімімен қабылданған нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу сұрағы талқыланды. Оның ішінде, Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетудің қағидаларын бекіту бойынша шешімге санаторийлік - курорттық емделуге бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарды алып жүретін азаматтарға, санаторийлік - курорттық ұйымда болу құнын өтеу ретінде нақты шығындарын 70 пайыздан аспайтын мөлшерде өтеу бойынша өзгеріс енгізу ұсынылды.

Сондай-ақ Мәдениет және тілдерді дамыту, Ішкі саясат, Дене шынықтыру және спорт, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің 2026-2028 жылдарға арналған бюджеттік жобалары қаралып, депутаттар өз ескертулері мен ұсыныстарын берді.