3 қазан күні мәслихаттың индустриалдық даму, инфрақұрылым және тұрғын үй-коммуналдық мәселелер бойынша тұрақты комиссия отырысында қаладағы нөсер кәріздері мен инженерлік желілердің құрылысы талқыланды.
Ақтөбедегі 54 тұрғын алаптың 51-ы газбен, 49-і электрмен, 36-сы сумен қамтылған.
Газбен қамту бойынша Рауан-2, Сазды-3 алаптарында құрылыс жұмыстары жүруде. Жаңаауыл-3 алабында ЖСҚ әзірленуде. Жоспар бойынша 2027 жыл соңына дейін толық газбен қамтылады.
Электр желісімен қамтылмаған 5 тұрғын алап бойынша: Батыс-3, Жаңаауыл-1, Сазды-3 т.а. құрылыс жұмыстары жүруде. Жаңаауыл-3-те ЖСҚ әзірлену сатысында болса, Парасат алабында ЖСҚ-ға түзету жұмыстары жүргізілуде.
Ауыз сумен қамту мақсатында 6 алапта құрылыс жұмыстары жүргізілуде – Мағаджан, Шилісай-1,2, Парасат, Думан, Жаңақоныс-5, Рауан-2. Ал Жаңаауыл-1, 2, Ақшат-2, 3, Ақжарплюс тұрғын алаптарының жер асты су қоры анықталып, бүгінгі күні жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге бюджеттік өтінім құжаттамалары әзірленуде.
Нөсер кәріздерінің құрылысы бойынша бүгінгі күні Авиатор, Сүт зауыты мен Елек көшесі, 11 шағын ауданы аумақтарында жаңбыр мен еріген суларды бұру үшін нөсер кәріздерінің құрылысы жүруде. Авиатор мен Сүт зауыты аудандарында жұмыс 50 пайызға жасалса, 11 шағын ауданы бойынша мердігер мекемемен өз міндеттерін тиісті орындамағаны үшін сот процестері жүруде.
Сондай-ақ, “Aqtobe su-energy group” АҚ-ның бас инженері Данияр Азамат қаланың жылу маусымына дайындығы туралы баяндады.
Отырыстың қорытындысы бойынша бірқатар нысандардың құрылысы бойынша көшпелі жиын өткізу жоспарланды.