19 қыркүйекте мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында қаланың экологиялық жағдайы мен коммуналдық қалдықтарды басқару жөніндегі 2023-2027 жылдарға арналған бағдарламасының орындалу барысы қаралды.
Отырысқа депутаттар, Қоғамдық кеңес мүшелері, қала әкімінің орынбасары Қайрат Қуантайұлы, облыстық экология департаментінің басшысы Ербол Қуанов, Астана ауданы әкімі Баянбек Қырықбаев, Алматы ауданы әкімінің орынбасары Ануар Жанбиров, сондай-ақ қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы мен тұрмыстық қалдықтарды шығару компанияларының директорлары қатысты.
Қазіргі таңда «Алматы» және «Астана» аудандарында бұзылған контейнерлерді жаңарту, қолайсыз контейнер алаңдарын ретке келтіру жұмыстары жүргізілуде. Қала аумағындағы контейнер алаңдарына бейнебақылау камералары орнатылса да, тұрғындар тарапынан қоқысты бейберекет тастау мәселесі сақталып отыр. Бұл бағытта әкімдіктер тиісті шараларды қолға алуда.
Сонымен қатар, депутаттар қала әкімдігіне сенімгерлік басқарушы компания «Таза Әлем 12» ЖШС-мен келісімшартта көзделген міндеттемелердің уақытылы орындалмауына байланысты, аталған келісімшартты біржақты бұзу жөнінде ұсыныс білдірді.
Ақпарат ретінде, қалада тұрмыстық қалдықтарды шығару қызметін «АТК Qyzmet» ЖШС, «NEO PLUS» ЖШС және «Таза Қарғалы» ЖШС атқарып келеді.
Ақтөбе қаласының экологиялық жағдайы бойынша Экология департаментінің басшысы Ербол Қуанов баяндады.
Жарты жыл ішінде Экология департаментінің мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімі 17 тексеру жүргізіп, нәтижесінде 120 экологиялық заң бұзушылық анықталған. Жалпы сомасы 38,8 млн. теңгені құрайтын 70 әкімшілік айыппұл салынған.
2025 жылдың бірінші жартыжылдығында өңірдің экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында 2024–2026 жылдарға арналған экологиялық проблемаларды кешенді шешу жөніндегі Жол картасын іске асыру жалғасуда. Бұл құжат өңірдің негізгі экологиялық мәселелерін жүйелі түрде шешуге бағытталған. Жол картасымен “Ақтөбе ферроқорытпа зауыты”, “СНПС Ақтөбемұнайгаз”, “Ақтөбе ЖЭО”, басқа да ірі өнеркәсіп орындарында іс-шаралар, қалада жаңа тазарту кешенін салу, т.б. қарастырылған.