Мәслихаттың кезекті жиырма тоғызыншы сессиясы өтті

Мәслихаттың кезекті жиырма тоғызыншы сессиясы өтті

4 шілдеде Бүгін мәслихат төрағасы Анар Даржанованың төрағалығымен және қала әкімі Азамат Бекеттің қатысуымен мәслихаттың кезекті 29 сессиясы өтті.

Депутаттардың қарауына қалалық бюджетке өзгерістер енгізу, атауы идеологиялық тұрғыда ескірген 27 көшені қайта атау, кадрлық өзгерістерге байланысты әкімдік жанындағы комиссия құрамдарын өзгерту сұрақтары шығарылды.

Экономика және қаржы бөлімінің басшысы Амангүл Уристемованың ақпаратына сәйкес, бюджеттің кіріс бөлігінің ұлғаюына және бос қалдықтардың қалыптасуына байланысты бюджеттің шығыс бөлігі 23,9 млрд. теңгеге нақтыланды. Қаражат абаттандыру, көлік инфрақұрылымы, жарықтандыру, әлеуметтік қолдау бойынша жұмыстарға бағытталды.

Мәселен, Астана және Алматы аудандары бойынша елді мекендердегі жолдарға қиыршық тас төсеуге 584 млн.тг., жасыл желектерді күтіп ұстауға 25 млн.тг. бөлінді.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламар бөліміне мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен ерекше қажеттілігі бар балаларға инватакси қызметін қамтамасыз ету үшін 76,4 млн.тг. қарастырылды.

Тұрғын үй-коммуналдық сала бойынша ТҮКШ бөліміне жарықтандыру жұмыстарына (жарық тіректерін, есептегіштер алу, Думан т.а. электр желілерін техникалық тексеру) 69,8 млн.тг., жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарына 56,4 млн.тг. бағытталды. Қаражат шу жолақтарын салу, проекциялық жаяу жүргіншілер жолағын салу, аялдама пункттерін жөндеу, жаңа аялдамалар орнатуға жұмсалады.

Сондай-ақ Қызылжар-3, Астана, Ясный-2, Акжар-2, Бауырластар-2 алаптарында жол салу жобаларына 3,9 млрд.тг., қала бойынша жолдарды күрделі және орташа жөндеу жобаларына 5,4 млрд.тг. бөлінді.

Ономастикалық жұмыс бойынша идеологиялық тұрғыдан ескірген, мән-мағынасы жоқ 27 көшелердің атауларын өзгерту жобасы ұсынылды: Алматы ауданы бойынша 15, Астана ауданы бойынша 12 көшелер. Олардың қатарында Безымянный тупик, Короткий, Клубная, Химиков, Алмазный, Песочный сынды көшелер бар. Айта кетсек, бұл атаулар бойынша жергілікті тұрғындар арасында қоғамдық тыңдаулар өткізіліп, республикалық ономастикалық комиссиямен алдын-ала мақұлданған. Мәслихаттың тиісті шешімі депутаттарымен бірауыздан келісіліп, республикалық ономастикалық комиссияның қарауына жолданады.

Сессия барысында қаладағы жағымсыз иіс мәселесі көтеріліп, Экология департаментінің басшысы Ербол Қуановқа тәуелсіз экологиялық сараптама жүргізу, ірі өндіріс ошақтарына экологиялық рұқсат талаптарын сақтауға бақылауды күшейту, қоғамдық тыңдауларды жиі өткізу, басқа да ұсыныстар берілген депутаттық сауал жолданды.