Мәслихаттың экономика, бюджет және қаржы бойынша тұрақты комиссия отырысында қалалық бюджетке өзгерістер енгізу және мағынасы ескірген көше атауларын өзгерту мәселелері қаралды.
Экономика және қаржы бөлімімен ұсынылған жобаға сәйкес, бюджеттің кіріс бөлігінің ұлғаюына және бос қалдықтардың қалыптасуына байланысты бюджеттің шығыс бөлігі 23,9 млрд.тг. нақтылануда. Қаражат жолдарды күрделі және орташа жөндеу, елді мекендерде жол салу және қиыршық тас төсеу, инженерлік желілерді салу бойынша жобаларды қосымша қаржыландыру, жарықтандыру, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары, мүгедектігі бар азаматтар үшін инватакси қызметін қамтамасыз ету, басқа да жобаларға бағытталмақ.
Сондай-ақ депутаттардың қарауына Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімімен идеологиялық тұрғыдан ескірген, мән-мағынасы жоқ 27 көше атауларын өзгерту жобасы ұсынылды. Оның ішінде Алматы ауданы бойынша 15, Астана ауданы бойынша 12 көшелер қарастырылған. Мәселен, Короткий көшесіне «Қаратал», Целинный көшесіне «Байрақ», Казанский көшесіне «Тұмар», Ярославский көшесіне «Көктал» сынды атаулар ұсынылды. Айта кетсек, бұл атаулар бойынша жергілікті тұрғындар арасында қоғамдық тыңдаулар өткізіліп, республикалық ономастикалық комиссиямен алдын-ала мақұлданған.
Ұсынылған жобалар бойынша депутаттар мен Қоғамдық кеңес мүшелері бөлім басшыларын тыңдап, өз ұсыныстары мен ескертпелерін берді.