Жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметтер көрсетуі мәселесі қалалық Қоғамдық кеңестің заңдылық, құқықтық тәртіп, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару мәселелері бойынша тұрақты комиссиясының отырысында қаралды.
2025 жылдың 5 айы бойынша қалалық бөлімдермен 38 880 мемлекеттік қызмет көрсеткен, оның 91%-ы электрондық түрде, қалған қызметтер «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы көрсетілді.
Жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі жер қатынастары саласында 11 қызмет түрін, сәулет саласында 6 қызмет түрін көрсетеді. 2025 жылдың басынан бері Бөлім бойынша жалпы 8338 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Бөлім мемлекеттік қызмет көрсетудің сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға үлкен көңіл бөледі және қазіргі таңда өтініш берушінің көрсетілетін қызметті берушімен тікелей байланысы іс жүзінде алынып тасталды, яғни мемлекеттік қызметтердің барлық түрлері толығымен электрондық форматқа көшірілген.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен 24 мемлекеттік қызметтер көрсетіледі. 5 ай ішінде тұрғындарға 15445 қызмет ұсынылған, соның ішінде «Азаматтарға арналған үкімет» арқылы – 2681, ал бөлім арқылы – 127, egov.kz веб-порталы арқылы – 7797, электрондық түрде берушілердің ақпараттық жүйелері арқылы – 4840 құжат өткен. Бөлім ғимаратының 1 қабатында өз-өзіне қызмет көрсету аймағы құрылып, қажетті құрылғылармен толық жабдықталған.
Отырыс барысында Қоғамдық кеңес мүшелері қалалық бөлімдерге бірқатар сұрақтар қойып, өз ұсыныстарын білдірді.