30 мамыр күні мәслихат төрағасы Анар Даржанованың төрағалығымен, қала әкімі Азамат Бекеттің қатысуымен мәслихаттың кезекті 28 сессиясы өтті.
Депутаттардың қарауына Ақтөбе қаласының 2024 жылғы бюджетінің атқарылуы туралы қалалық әкімдіктің есебі және Ақтөбе облысы бойынша тексеру комиссиясының баяндамасы, Жеңістің 80-жылдығына орай әлеуметтік көмек көрсету туралы шешімді бекіту, Тұрғын үй мөлшерін және тәртібін айқындау туралы шешімге өзгерістер енгізу, кейбір атаусыз көшелерге атау беру, басқа да сұрақтар шығарылды.
Қала бюджетінің атқарылуы бойынша баяндаған Экономика және қаржы бөлімінің басшысы Амангүл Уристемованың ақпаратына сәйкес, өткен жылы бюджеттің шығыс бөлігіне 178,7 млрд.тг. жоспарланып, 94%-ға орындалған. Шығыстардың 26,9% даму бюджетіне, 24,3% жоғары тұрған бюджеттің шығындарын өтеуге, 19,3% көлік және байланыс қызметіне, 7% әлеуметтік салаға бағытталды.
Экономика, бюджет және қаржы бойынша тұрақты комиссия төрағасы Жандос Жаңабай 2024 жылы бюджеттің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге, инфрақұрылымды дамытуға, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталғанын атап өтті. Тұрғындардың ұсыныстары мен бастамаларына қолдау білдіріліп, «Халық қатысатын бюджет» аясында 1,4 млрд.тг.-ге 62 жоба жүзеге асырылып отыр. Аула инфрақұрылымын жақсарту мақсатында кезеңмен 100 аулаға абаттандыру жұмыстары басталды. Сондай-ақ жол құрылысы, күрделі жөндеу, әлеуметтік нысандардың құрылысы бойынша да бірқатар маңызды жобалар бар. Дегенмен, олардың арасында өтпелі жобалар үлесінің жоғары екендігін, мерзімдер мен сапа бойынша жұмыстарды күшейту қажеттілігін атап өтті.
Ал Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен Жеңістің 80-жылдығына орай әлеуметтік көмекті көрсету туралы шешім жобасы ұсынылды. Жобаға сәйкес, ҰОС қаза тапқан әскерилердің отбасы мүшелеріне олардың жерленген жерлеріне жол жүру шығындары өтелмек. Шығындарды өтеу тәртібі осы Бөліммен реттеледі.
Сондай-ақ алдын ала қоғамдық тыңдаулардан өткен қаладағы атауы жоқ 21 көшеге атау беру сұрағы шығарылды. Оның ішінде Алматы ауданы бойынша 12 көше, Астана ауданы бойынша 9 көшеге атау берілмек. Ұсыныс депутаттармен бірауыздан келісіліп, тиісті шешім республикалық ономастикалық комиссиясының қорытындысын алуға жіберілді.