Астана ауданындағы атауы жоқ көшелерге атау беру мәселесі бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізілді

Астана ауданындағы атауы жоқ көшелерге атау беру мәселесі бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізілді

Қалалық мәдениет үйінде Астана ауданындағы атауы жоқ көшелерге атау беру мәселесі бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізілді.

Тыңдаулар мәслихаттың заңдылық, құқықтық тәртіп, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару мәселелері бойынша тұрақты комиссиясы шеңберінде, комиссия мүшесі Ұлан Қозыбақовтың төрағалығымен өтті.

Аудан бойынша барлығы 9 көшеге атау беру ұсынылды. Олардың қатарында Ұлы Отан соғысына қатысып, «Қызыл жұлдыз», І, ІІ, ІІІ дәрежелі, «Даңқ» ордендерімен, басқа медальдермен марапатталғандар, Ақтөбе облысының тумалары –Аймұханбет Құттымұратов, Салмағанбет Күзденбаев, Назарбай Сүндетбаев,
Іскендір Сәрсеньаев батырларымыздың есімдері бар. Мәселен, «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Москваның қорғағаны үшін», «Будапештті алғаны үшін» медальдарымен марапатталған, Алға ауданында дүниеге келген Салмағанбет Күзденбаев есімін Жаңақоныс-2 алабындағы атауы жоқ көшеге беру, «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері, Шалқар ауданының тумасы Іскендір Сәрсенбаев есімін Жаңақоныс алабындағы көшеге беру ұсынылды.

Сондай-ақ Сазды орманшылығындағы атауы жоқ көшеге жазушы Әнуар Әлімжановтың есімі ұсынылды.

Басқа да атаулар бойынша, Жаңақоныс, Жаңақоныс-2, Құрашасай алаптарындағы атауы жоқ көшелерге «Талдық», «Сарыжар», «Оймауыт» сынды жер-су атаулары ұсынылды.

Барлық ұсыныстар жергілікті тұрғындармен оң қабылданды.