Алматы ауданындағы атауы жоқ көшелерге атау беру мәселесі бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізілді

Алматы ауданындағы атауы жоқ көшелерге атау беру мәселесі бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізілді

Геолог мәдениет үйінде Алматы ауданындағы атауы жоқ көшелерге атау беру мәселесі бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізілді.

Тыңдаулар мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму және жастар ісі мәселелері бойынша тұрақты комиссия шеңберінде, комиссия мүшесі Дәурен Тажгуловтың төрағалығымен өтті.

Аудан бойынша барлығы 12 көшеге атау беру ұсынылды. Олардың қатарында Ұлы Отан соғысына қатысып, І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Қызыл жұлдыз», «Даңқ» ордендерімен, басқа медальдермен марапатталғандар, Ақтөбе облысының тумалары –Нұрмұхан Кенжебаев, Бисембі Нұрлыбаев, Шәкір Төлемісов, Мұқас Тұрмұхамбетов, басқа да батырларымыздың есімдері бар. Мәселен, Балауса алабындағы көшеге Темір ауданының тумасы, ІІІ дәрежелі Даңқ орденінің иегері Бисембі Нұрлыбаев есімін, ал Кірпішті алабындағы атауы жоқ көшеге Шалқар ауданының тумасы, «Қызыл жұлдыз», «Құрмет» ордендері, «Мәскеуді қорғағаны үшін» медалінің иегері Бақи Шанов есімін беру ұсынылды. Сондай-ақ Жібек жолы алабындағы ұзындығы 2,68 шақырым атауы жоқ көшеге Халық Қаһарманы Қасым Қайсеновтың есімі ұсынылды.

Басқа да атаулар бойынша, Қызылжар тұрғын алабындағы атауы жоқ көшеге «Домалақ ана» есімін, Жарық-1 және 2 алаптарындағы екі көшелерге «Алтынтөбе», «Бәйгеторы» атауын беру ұсынысы түсті.

Барлық ұсыныстар жергілікті тұрғындармен оң қабылданды.