А.Досжанова атындағы конференц-холлда шахматтан «Senat Open-2025» II ашық кубогінің облыстық іріктеу турнирі өтті.
ҚР Парламенті Сенатының ұйымдастыруымен биыл екінші рет өтіп жатқан Сенат кубогіне облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева бастаған депутаттар мен облыстан жиналған тәжірибелі ойыншылар қатысты.
Шараның ашылу салтанатында Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов қатысушыларға бейнеқұттықтау жолдады.
Турнирде жалпы саны 78 шахматшы тартысты ойын көрсетті. Олар швейцариялық жүйе бойынша 9 турдан кейін 35 үздік ойыншыны анықтау үшін өзара сайысқа түсті.
Шахматшылар арасында Ақтөбе қаласынан қатысқан ойыншыларға тең келер ешкім болмады: 8 ұпаймен 60 жастағы Уақбай Тоғысов бірінші орынды жеңіп алса, одан кейінгі орындарды 68 жастағы Ғалым Уқасов пен 70 жастағы Виктор Сивирин өзара бөлісті. Командалық есепте Әйтеке би ауданы мен Хромтау қаласының ойыншыларынан басым түскен ақтөбелік шахматшылар жеңіске жетті.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерден бөлек, алты аталым бойынша үздіктер де марапатталды. Атап айтсақ, ардагерлер арасында Ақтөбе қаласынан қатысқан Ізғали Ернияшов (жалпы есепте 6-орын), әйелдер арасында Күлпаршын Көбенова (31-орын), мәслихат депутаттары мен қызметкерлері арасында алғалық Мирлан Жалғаспаев (5-орын), мемлекеттік қызметшілер арасында Қарғалы ауданынан келген Есболат Түлкібаев (25- орын), қоғамдық кеңес мүшелері арасында Әйтеке би ауданынан қатысқан Әділет Қаршығин (4-орын) және БАҚ өкілдері арасында қарғалылық Нұрхат Көшкенбай (15-орын) үздіктер қатарынан көрінді.
Шара соңында Гүлқасима Сүйінтаева барлық жеңімпаздар мен үздіктерді марапаттап, медальдар, дипломдар және арнайы сыйлықтар табыстады.
♟️ Айта кету керек, осы іріктеу турнирінде үздік ойын көрсеткен 35 қатысушы Орал қаласында 26 шілдеде өтетін жартылай финалға қатысады